Жемқорлықпен күрес саясатына қоғамның сенімі күшейді - Гүлшара Әбдіқалықова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа жұртшылықтың сенімі күшейді. Бұл пікірді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі Азаматтық бастамалардың ІІ конгресінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен заңның үстемдігі - «Төртінші өндірістік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«2014 жылы Қазақстан Президенті «мүлде төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тартуға бағытталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жариялаған еді.  Осы уақыт ішінде 64 шара атқарылып, әкімшілік кедергіні азайтуға, тұрмыстық жемқорлық деңгейін төмендетуге елеулі септігін тигізді. Мәселен, қазір барлық өңірде азаматтарға бюджет қаражатының игерілуін, мақсатқа сай қолданылуын, әлеуметтік нысандар құрылысының сапасы мен мерзімін бақылауға мүмкіндік беретін Қоғамдық бақылау картасы іске қосылды. Елде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа деген жұртшылықтың сенімі күшейді», - деді Гүлшара Әбдіқалықова Астанада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық бастамалардың 2 конгресінде.

Оның айтуынша, кезекті заңнамалық өзгерістер сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін жетілдірудің құқықтық негіздерін қалыптастырды.

Мемлекеттік қызметтің, құқық қорғау, сот органдарының және квазимемлекеттік секлордардың кадрлық саясаты қайта қаралды. Бұл өзгерістер кадрлық корпустағы сыбайластық деңгейін төмендетуге бағытталған. Халықаралық ынтымақтастықта да Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар құжаттарды мақұлдаған.

«Қазақстан БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын, Ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы конвенцияны, Еуропа кеңесінің қылмыстық әрекеттерден түскен кірістерді жымқыру, анықтау, тартып алу және тәркілеу туралы конвенцияларын ратификациялаған. Одан бөлек, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл жоспары» мониторингінің өзара баға беруге арналған субөңірлік бағдарламасына белсенді түрде қатысып отырмыз. Биыл Ыстанбұл жоспарының ұсынымдарды атқару бойынша төртінші раундының мониторингі басталады. Бұл да инклюзивті тәсілді қажет етеді», - деп өз сөзін түйіндеді Г. Әбдіқалықова.

Соңғы жаңалықтар