Жемқорлықпен күрес: Атырауда әскерилер арасында жасырын сауалнама жүргізілуде

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау гарнизонының әскерилері арасында сыбайлас жемқорлық қылмыс дерегін анықтау үшін жасырын сауалнама жүргізу жалғасын табады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Гарнизон басшылығы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің бірлескен отырысы өтті. Оған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Нұрлан Алдияров пен өңірлік департамент бастығы Қанат Сүлейменов қатысты. Сондай-ақ, қадағалау органдарының өкілдері, гарнизон бөлімдері мен мекемелерінің командирлері шақырылды.

Кездесуде әскери бөлімдегі сыбайлас жемқорлық ықтималдығын барынша азайту үшін қабылданған, жоспарланған шаралар туралы баяндалды. Әскердегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуға арналған бірқатар бейнеролик көрсетілді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы Қанат Сүлейменов командирлерді күнделікті қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ ведомстволық бағынысты лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды сақтау үшін бақылауды күшейтуге шақырды.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдайтын комиссия құрамы түрлі бағыттағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықты жасауға ықпал ететін әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлеріне өз ұсынысын берді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық дерегін анықтау мақсатында жеке құрам арасында тамақтанудың сапасы, әскери тәртіпті бұзу дерегі жөнінде жасырын сауалнама жүргізу тәжірибесін жалғастыруға шешім қабылданды», - деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының аға офицері капитан Қанат Джапаров.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендегенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар