Жемқорлықпен күрес: Алматы облысында 19 басшы жауапкершілікке тартылды

None
None
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысында жыл басынан бері 19 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық сыбайлас жемқорлық департаментіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев ағымдағы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады.

Жандос Жұмабаевтың айтуынша, жыл басынан бері жедел-тергеу бағыты бойынша 84 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 66-ы жемқорлық фактісі бойынша орын алған. Ауыр құраммен 56 қылмыс, аса ауыр құрам бойынша 5 қылмыс тіркелген.

Жалпы осы уақыт ішінде тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 78,3% көрсеткішті құрап отыр.

Алматы облысында жыл басынан бері қылмыстық жауапкершілікке тартылған 19 басшының құрамында: облыстық маңызы бар - 6 басшы, аудандық деңгейдегі - 7 басшы, қалалық деңгейдегі - 5 басшы және 1 ауылдық деңгейдегі басшы бар.

Сонымен қатар, есептік кезеңде «жүйелі» сыбайлас жемқорлықтың 8 фактісі анықталды. Кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 22 адам әшкереленді. Жалпы саны 31 қылмыс тіркеліп, 4 қылмыстық іс сотқа жолдаумен аяқталды, 1 адам сотталды.

Сондай-ақ, жыл басынан бері барлық аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың сомасы 812,5 млн. теңге құрады. Бүгінгі күні 792,1 млн теңге өтелді, яғни аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың өтелуі 97,5% көрсеткішті құрайды.

Есепті кезеңде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен Алматы облысының 3 тұрғыны 612 570 теңгеге көтермеленді.


Соңғы жаңалықтар