Жемқорлықпен күрес агенттігі Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардағы былықтарды атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың инвестициялық жобаларға жер учаскелерін конкурстан тыс беріп келген. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Биыл 2019-2021 жылдар кезеңінде 17 ӘКК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ ӘКК-нің нақты қызметінің оларды құру мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмеуі анықталды. Инвестициялық жобаларға жер учаскелерін конкурстан тыс беру фактілері анықталды. Осылайша, әрбір екінші жоба көп пәтерлі тұрғын үйлер, мейрамханалар, автожуу және тағы басқа құрылыстар салу болып табылады. Өндіріске салынған инвестициялар жеке сипатқа ие. Осылайша, ӘКК қызметінің негізгі қағидаты – жеке сектормен қамтылмаған кеңістікте тиімді жұмыс істеу және онымен бәсекелеспей-ақ бизнестің дамуын ынталандыру бұзылады», - деді агенттік төрағасы.

Оның атап өтуінше, аталған фактілер Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінің хаттарымен, хабарламаларымен расталған.

«Жүргізілген жұмыс барысында сондай-ақ «Ақтөбе» ӘКК ведомстволық бағынысты индустриялық аймақтың аумағында криптовалютаны өндіру бойынша компания – «Aktobe Smart Tech» ЖШС (майнинг фермасы) қызметінің фактісі анықталды. Атап айтқанда, аталған ЖШС газдың едәуір көлемін тұтыну арқылы оның нарығында тапшылық тудырды. Нәтижесі өңірдің тұрғындары мен кәсіпкерлеріне газдандыруға техникалық шарттар беруден бас тартуға алып келді», - деді Олжас Бектенов.


Соңғы жаңалықтар