Жемқорлыққа жол берген полицейлерге қатысты 50 қылмыстық іс тергеліп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары, Ақтөбе қаласының әкімі және бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты. Онда әкімшілік айыппұл өндіру мен жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты сұрақтар талқыланды. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының мәліметінше, осы жылдың тоғыз айы ішінде мемлекеттік органдар 172 мыңнан аса құқықбұзушылықты анықтап, 2,1 млрд теңге әкімшілік айыппұл салған. Мемлекетке 1,3 млрд теңге кіріс өндірілді. Әкімшілік айыппұл 70,7% құрайды. Ақтөбе қаласы (55,2%) мен Хромтау ауданында (64,3%) айыппұл өндірудің ең аз пайызы байқалады. Салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстарының қорытындысына көңілі толмаған өңір басшысы жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын атап өтті. «Бейнебақылау жүйесі, планшеттер сынды қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдалана отырып осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Бастысы жұмысты дұрыс ұйымдастыру қажет. Біздер өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, қаражат бөлуге дайынбыз», - деп атап өткен облыс әкімі полиция қызметкерлері үшін планшеттер сатып алуға байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуді тездетуді тапсырды. Айта кетейік, ең аз айыппұл өндірген - экология департаменті (37,5%) мен полиция органдары (61,2%). Оңдасын Оразалин экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловқа экологиялық заңнаманы бұзатын кәсіпорындардан айыппұл өндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылық талдауларының нәтижелері қаралды. Осы жылдың тоғыз айы ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 99 қылмысты тіркесе, соның 49-ы ауыр, 60-ы сыбайлас жемқорлық қылмыс. Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың бес, ШОБ қызметіне заңсыз араласудың 14 дерегі анықталып, алты облыстық, бес аудандық деңгейдегі басшы жауапқа тартылған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау жұмыстары түрлі салаларда жүргізілуде. Талдау көрсеткендей, ішкі істер органдарының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық іс-әрекетіне көп барған, оларға қатысты 50 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді. Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының басшылығына жер телімдері мен тұрғын үй бөлу рәсімдерін автоматтандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қабылданып жатыр. Қала әкімі Мавр Абдуллин мәліметтерді интеграциялау жұмыстары 2020 жылдың басында аяқталатынын айтты. «Жыл соңына дейін бұл сұрақ анық болуы тиіс. Мәліметтер базасын ретке келтіру керек. Сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтап, оны істеген адамды жазалау емес, соның алдын алу жұмыстары маңызды. Сондықтан барлық рәсімдерді цифрландыруымыз қажет», - деді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар