Жемқорлыққа жол берген қызметкерлердің әрекетіне бірінші басшы жауап береді - Президент Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұның қоғамға қауіпті дерт екенін айтты.

- Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыс іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл -батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтты. Сондықтан, жемқорлықтың тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды. Мемлекетте оған қажеттінің бәрі бар екенін атап өтті.

- Біріншіден, бізде жемқорлыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік институттар бар. Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек. Екіншіден, жемқорлықпен күрес халықтың табанды сұранысына ие. Әкімшілік сауалнама жүргізеді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Үшіншіден, біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы үш жылда 900-ден астам адамның жемқорлықпен ұсталғанын, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына осындай оқиғалардың кедергі келтіретінін жеткізді.

- Біз экономиканы жаңғыртуға, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға қазынадан қыруар қаржы бөлеміз. Алайда, жемқорлықтың салдарынан мемлекеттік бағдарламалар сапасыз орындалуда. Бұл халықты әлеуметтік қорғауда, ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселелердің уақытылы шешілмегенін көрсетеді. Жергілікті жолдардың сапасыздығы мен бизнестің дамуына кедергілер де - жемқорлықтың кесірінен туындаған проблемалар. Азаматтар бюджеттің әрбір теңгесінің мақсатты жұмсалатынына көз жеткізуі керек, - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті.

- Бірінші - азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді. Сондықтан, кешенді алдын алу шараларын қолға алу қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екінші шара ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін атап, жемқорлықпен күресте күштік шаралар аздық ететін айтты.

- Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеу керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қол алғаны жөн, - деді Қазақстан Президенті.

Үшінші - қоғамдық бақылауды күшейту.

- Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету керек. Жер учаскелерін беру, балабақшадан кезек алу сияқты мәселелердің бәрі де қоғамдық бақылау негізінде жүзеге асуы шарт. Бізде мұндай жұмыстар үшін құқықтық механизмдер бар. Әрбір мемлекеттік органда қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Алайда, іс жүзінде олардың жұмысы көңіл көншітпей отыр. Азаматтық қоғаммен жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың талабына сай бағыттау керек, - деді Мемлекет басшысы.

Төртінші шара - бюджеттік саясаттың ашықтығы.

- Бюджеттік процестің кезеңдері яғни, құрылудан бастап жүзеге асуға дейінгі аралықтың барлығы ашық болуы керек. Азаматтар қажет етпейтін тауарлар алынып, ғимараттар салынып жататын мысалдар аз емес. Тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламалардан бас тарту қажет. Даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктер қатаң жазалануы керек. Халықтың қаржысы тиімсіз жұмсалса, құқық бұзушылыққа жол берілсе, оның жазасы ауыр болады. Мемлекеттік органдар жанындағы ұйымдар мен ұлттық компаниялар да қоғам бақылауында ашық әрі түсінікті болуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бесінші кезекте жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.

- Әкімдерге айтарым, жемқорлықты түбегейлі жою сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткішінің бірі болады. Оған сіздер тікелей жауаптысыздар. Әрбір елді мекеннің өз бюджетіне байланысты төртінші деңгейлі бюджетті құруды аяқтау туралы міндет қоямын. Менің Президент ретіндегі ұстанымым бюджет шығындарын жоспарлауға, әсіресе өңірлерде халықтың өкілдерін қатыстыру керек. Бұдан ел экономикасы дамып, тиісінше, халықтың әл-ауқаты артады, - деді Мемлекет басшысы.

Алтыншы - мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыру.

- Мемлекеттік аппарат қызмет көрсету барысында тұтынушыларға бейімделу қажет. Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың бірден бір көзі - мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды нұсқаға көшіру. Бұл жерде шешімін таппаған мәселелер бар. Бүгінде мәліметтер базасының 33 пайызы ғана интеграцияланған. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауы қажет. Электронды Үкіметті дамыту аясында азаматтардың көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді мобильді нұсқада алуы үшін жаппай оқыту жұмыстарын дамыту біздің басымдығымыз саналады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жетінші міндет - мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету.

- Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиындатады. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттерден босату керек. Колледждер мен мектеп директорына дейін мемлекеттік сатып алуға қатысы бар. Орталық мемлекеттік органдарда саяси қызметшілерді мемлекеттік сатып алуларға араластырмайтын механизмдер әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар мемлекеттік функцияларды бәсекелік ортаға беру керек. Бұл туралы жиі айтылса да, 5 функция ғана жеке секторға берілген. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа және Ұлттық экономика министріне тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын. Оның нәтижелерін маған 1 айдың ішінде баяндаңыздар,- деді Қазақстан Президенті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапты болатынын тағы бір мәрте қадап айтты.

- Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет пен Президент Әкімшілігіне осы жиында көтерілген мәселелерді шешу үшін енгізілген ұсыныстар негізінде жұмыс істеу тапсырылды.







Соңғы жаңалықтар