Жемқорлыққа қарсы қызметте бір адамның ұзақ отырғаны дұрыс емес - Жақсыбеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің кеңейтілген мәжілісінде Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков алдымен агенттік қызметкерлерінің өз ішінде жемқорлыққа жол бермеу керектігін жеткізді. Сөйтіп, аталған ведомствоның бұрынғы имиджін өзгертіп, xалықтың оған деген сенімін арттырған жөн, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Күні кеше кадр мәселесі бойынша ұлттық комиссияның отырысында біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюроның (агенттіктің құрамына кіретін құрылым - авт.) аймақтық органдарының басшылығын бекіттік. Шыны керек, жақсы кадрлар. Меніңше, оларды таңдағанда меритократия негіздері, яғни адамның жеке еңбегі, қабілеті мен тәжірибесі барынша ескерілді. Басшылыққа кәсіби адамдар келді деуге әбден болады. Енді, көбісін ауыстырды, ротация (жаңа адамдарды тағайындау - авт.) болды. Ол да дұрыс. Себебі ондай жерде бір адамға ұзақ уақыт отыра беруге болмайды. Аталған қызметтің адамдары жұмысын ауыстыруға әрдайым дайын болуы шарт", - дейді Ә.Жақсыбеков.

Осы орайда Президент Әкімшілігінің басшысы агенттіктің құрылу тариxына, оның атауын бірнеше рет ауыстырып, біраз құрылымдық өзгерістердің болғанын еске алды. Сол кезде жемқорыққа қарсы қызметтің қатарында заң бұзған шенеуніктердің істегені де xалықтың есінде. Соның салдарынан қазіргі жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның имиджі бұзылды.

"Енді, жаңадан тағайындалған басшылықтың (аймақтық басшылар - авт.) негізгі міндеті - сол имиджді өзгерту. Халық сіздерге сенуі тиіс", - деп атап көрсетті Президент Әкімшілігінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар