Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама алғаш рет көпшілікке жарияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 17-бабын іске асыру шеңберінде ұлттық баяндама дайындады. 

Құжатта жемқорлыққа қарсы күрес саласында қабылданған заңнамалық шараларға жасалған шолу, қазір бар проблемалардың анализі, сондай-ақ оларды шешу бойынша ұсыныстар қамтылған.

Ұлттық баяндама Қазақстан Республикасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың іске асырыла бастаған 1993-1995 жылдарға шолудан басталады. 

Одан әрі жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралуының жай-күйі мен үрдісі туралы айтылады. 



«Сарапшылардың бағалауынша, жемқорлықтың 1%-ға азаюы ЖІӨ-нің 1-1,5%-ға артуына ықпал етеді, ал ЖТИ-дің (жемқорлықты түйсіну индексі) 2,4 баллға жақсаруы ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімін 0,5%-ға арттыруға себеп болады. Осыған байланысты, қазақстандықтардың соңғы 5 жылдағы әл-ауқаты деңгейінің көрсеткіштер динамикасы зерттеліп, халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі 37%-ға, төменгі күнкөріс деңгейінің 22%-ға, жан басына шаққандағы орташа табыстың 46%-ға артқанын көрсетті. Бүгінгі таңда бүкіл әлем сыбайлас жемқорлықтың халықтың әл-ауқаты деңгейіне тигізетін ықпалын бағалау кезінде сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың Джини және Индекс коэффиценттерінің көрсеткіштерін негізге алады. Соңғы жылдары аталған есептердегі Қазақстанның орны өзгеріссіз қалып отыр деуге болады.

Алайда, инфляцияны ескере отырып, азаматтардың нақты кірістерінің аздап өскені туралы тұжырым жасауға болады», - делінген онда. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда инфляция деңгейін кезең-кезеңімен 3-4%-ға төмендету міндетін белгілеп берді. 

Сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде білім беру, құрылыс, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа әсер ететін себептер мен жағдайлар атап көрсетілген. 

Жемқорлықпен күрес қызметкерлері 2016 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін 470 тұлғаға айыппұл қолданған, оның жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгеге жуықты құрады. Келтірілген шығынның орнын толтыру мақсатында 5,9 млрд. теңге сомасындағы мүлікке тыйым салды.


Құжаттағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда ең көп тараған жемқорлық қылмысының түрі парақорлық болып табылады, екінші орында - жымқыру, үшінші орында - қызметтік лауазымды асыра пайдалану, төртіншіде - қызметтік жалғандық. 



Айта кетейік, 2017 жылдың 6 сәуірі күні Елбасы Н.Назарбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманы мақұлдап, барлық мемлекеттік органдарға ондағы ұсынымдарды сапалы іске асыру бойынша шаралар қабылдау тапсырмасын жүктеді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндаманың толық мәтіні. 


Соңғы жаңалықтар