Жемқорлыққа қарсы агенттік азаматтық ұйым болуы тиіс – Айдос Сарым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтық ұйым болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеңес заманынан бері, әсіресе күштік құрылымдарға қанша адамды түрмеге отырғызғанына, соттағанына қатысты талап бірінші орында болып келді. Менің ойымша, бұл - дұрыс емес. Жемқорлықпен күрестің ең дұрыс жолы – жемқорлық аясын тарылту, бағытын азайту. Шындап келер болсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әлі де болса қоғамда күштік құрылым деген пікір бар. Меніңше, жемқорлыққа қарсы агенттік азаматтық ұйым болуы тиіс. Азаматтық ұйым болған кезде тергеушіден гөрі сарапшылар, мемлекеттік қызметтің, қоғамдық, экономикалық қатынастардың өзегін, ішкі құрылымын білетін мамандар болуы қажет. 21-ғасыр сыйлаған жақсы жаңалықтардың бірі – цифрландыру. Көптеген қызметтің барынша интернетке өтуі, адам мен шенеуніктің бір-бірімен кездеспеуі түптеп келгенде жемқорлықты тежейді, азайтады. Сол сияқты бүгінгі күні істейтін басты шаруамыз - жемқорлықпен күресті жалпы қоғамда болып жатқан дүниеден ажыратып қарамау», - деді Мәжіліс депутаты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.

Сонымен қатар ол Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде ең бірінші болып ауыл әкімдерін сайлауды өткізгелі отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл ауыл әкімдері, ал үш жылдан кейін аудан әкімдері сайланатын болады.

«Бұл - халық пен биліктің арасын жақындату, халықтың өз болашағына деген жауапкершілікті қолына ұстату. Түптеп келгенде - бұл өте үлкен шаруа. Бұрын ауыл әкімдерінің бюджеті болмайтын. Қазір төртінші бюджет енгізілді. 1995 жылы қабылданған Конституциямыздың соңғы таптарында Қазақстанда өзін-өзі басқару жүйесі енгізіледі делінген талап болған. Міне, сол 25 жыл өткен соң енді ғана жүзеге асырылмақ. Салықтардың біраз түрі, әсіресе жерге жатысты салық жергілікті әкімдікке беріледі. Яғни, осы дүниелер күшіне еніп, ауыл әкімі сайланғаннан кейін ауыл халқы да, әкімі де жердің дұрыс пайдалануына мүдделі болады. Өйткені, сол салықтан түсетін ақшадан жалақы беріліп, ауылға қажетті іс-шаралар жүзеге асырылады», - деді Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты еліміз мұнайлы экономикадан адамдардың энергиясына негізделген экономикаға аяқ басқанына назар аудартты.

«Бұл орайда әділеттілік деген мәселе көтеріледі. Жемқорлық мәселесін жасалған қылмыспен күрес емес, осы реформалардың ішіндегі маңызды, үлкен алғышарты деп қарағанымыз дұрыс. Сондықтан ең бастысы әкімді, министрді, басқаны қолынан ұстап алып, түрмеге тығу емес. Мәселе соның облысында, министрлігінде, саласында жемқорлықтың жолдары мен мүмкіндіктерін азайтатын дүние жасауда болып отыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар