Жемқорлыққа қарсы агенттік ағайынды Рысқалиевтер ісі бойынша ақпарат таратты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ағайынды Рысқалиевтердің ісі бойынша ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта интернет-ресурстарда Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен басқа да тұлғаларды қылмыстық қуғындау ісіне саяси сипат беру толастамай отыр. Осы ретте Ұлттық бюроның тергеу тобы аталмыш резонансты қылмыстық іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтағанын ресми түрде мәлімдей отырып, іске қатысты мән-жайды түсіндіреді. Ағайынды Рысқалиевтер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік еткені, мемлекет мүлкін жымқырғаны, лауазымын пайдаланғаны, пара алғаны, сонымен бірге қылмыстық жолмен тапқан мүлікті заңдастырғаны үшін сотталған. Оларға қатысты қылмыстық іс 2012 жылдан бері жүргізілген. Оларға тағылған айып бойынша қылмыстардың саны 71 эпизодтан асады», - делінген агенттіктің таратқан ақпарытында.

Мәліметке сәйкес, осы жылдың 25 қаңтарында Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыптау үкімін шығарып, сотталушыларға әртүрлі мерзімге жаза тағайындалған.

Атап айтқанда, ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы Б.Рысқалиев - 17, оның бауыры А.Рысқалиев - 16 жылға бас бостандығынан айырылған.

«Сот сондай-ақ, сотталғандардың және олардың туыстарының қазақстандық және шетелдік банктердегі есеп айырысу шотында жатқан қаражатты, Андоррадағы 14 млн долларды, Швейцариядағы 90 млн долларды мемлекет меншігіне тәркілеу туралы, сотталғандар мен олардың басқаруындағы компанияларға тиесілі 3 млрд теңгені мемлекеттік мүлік меншігіне аудару туралы (Атырау мен Ақтөбе облысындағы 170 нысан мен жылжымайтын мүлік), айыптылардан заңға қарсы келісімдер арқасында алынған 12 млрд теңге көлеміндегі қаражатты өндіру туралы қаулы шығарды», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, агенттіктің хабарлауынша, бұрын мемлекеттік меншіктен олар заңсыз алған мүлікті сату жолымен 3 млрд теңге көлеміндегі шығынның өтелуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталуға жақындаған.

«Қазіргі уақытта шетелде ақшаның ізін жасыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Андорра мен Швейцария елдерінің тиісті органдарымен бұғатталған ақшаны қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, сотталғандарды экстрадациялау бойынша қажетті шаралар қолға алынуда», - деп хабарланды агенттіктен.

Соңғы жаңалықтар