Жемқорлық жасаған бірқатар лауазымды тұлғалар сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жамбылда жемқорлық жасаған бірқатар лауазымды тұлға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі алаяқтық жасады деген күдікпен Ақмола облыстық экономикалық тергеу қызметінің тергеушісі (аға лейтенант) К.Көбегеневке, 82796 ә/б 2-ші ауыр-гаубица артиллериясы дивизионының командирі майор Р.Бастыбаевқа және азамат Б.Ағдавлетовке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған. Олар осы әскери бөлімнің 8-ші ауыр-гаубица артиллериясы батареясының командирі капитан Б.Мұратұлынан 9 млн 106 мың теңгенің 1 млн 700 мың теңгесін алаяқтық жолмен алу күдігіне іліккен. Күдіктілер ақшаны капитанның үстінен тергелетін қылмыстық істе мәселені оң шешуге жәрдем көрсету желеуімен алған. Бұл ретте азамат Ағдавлетов прокуратура органдарының қызметкері атын жамылып әрекет еткен.

Ағымдағы жылдың 30 қазанында Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен Көбегенов 7 жылға бас бостандығынан және біліктілік сыныбынан айырылды. Осы үкіммен Бастыбаев «майор» әскери атағынан айырып, 5 жылға бас бостандығы шектелді және Ағдавлетовке 4,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Аталған тұлғалар мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.

Соңғы жаңалықтар