Жемқорлық: Атырауда аурухана директоры сотталып, ауыл әкімі үйқамаққа алынды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында аурухана директоры сотталып, ауыл әкімі үйқамаққа алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың айтуынша, Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бұрынғы директорына қатысты сот отырысына әрптестері қатысқан.

«Биыл департаменттің бастамасымен Атырау соттарында мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа тәсілі қолданыла бастады. Мәселен, жақында Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бұрынғы директорына әріптестерінің қатысуымен үкім шығарылды. Енді сыбайлас жемқорлық баптары бойынша үкім сотталушының еңбек еткен ұжымының қатысуымен жарияланады» - дейді Айдос Мамыт.

Оның айтуынша, сотталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 361-бабының 1-бөлігінде, 189-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Оған 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

«Құрманғазы ауданындағы бір ауылдық округтің әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ауылдық округ әкіміне қатысты мемлекеттік сатып алуда артықшылық көрсеткені үшін жеке кәсіпкерлік өкілінен пара алу дерегімен қылмыстық іс тергелуде. Қазір күдіктіге үй қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды» -деп мәлім етті Айдос Мамыт.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері 42 адам жемқорлық бойынша сотталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар