Жемқорлығы үшін сотталған Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары жазасын бостандықта өтейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров пен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовқа қатысты сот үкімі өзгерді. Олар жазасын бостандықта жүріп өтейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров, қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов, мердігер мекеме басшысы С.Жанасбаев, бас есепші Д.Дүйсемби, жеке кәсіпкер Н.Мұстафинге қатысты қылмыстық іс қаралып, олар 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылған

болатын.

Кейін іс Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралып, сот үкімі өзгертілді, сотталғандардың іс-әрекеттері қайта сараланды.

Іс материалына сүйенсек, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров 2019 жылы қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовты «КДС-Астана» ЖШС-мен келісімшартқа отыруға, жаңа жылдық безендіру үшін 100 млн теңге ақша аударуға көндірген. Досов бюджет қаражатынан серіктестіктің есепшотына 30 млн теңге аударды. Содан кейін орындалған жұмыстар актісіне қол қойды, тағы 70 млн теңгені берді. Бұл ретте жаңа жылдық әшекейлерді жеткізу жүзеге асырылмады. Прокурор бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Сотталғандар мен олардың қорғаушы адвокаттары үкімнің күшін жоюды және сотталғандарды ақтауды сұрады.

«Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің санкциялары 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі балама жазаны көздейді. Алқа қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда, кінәні мойындауы, олардың әрқайсысының кәмелет жасқа толмаған баласының бар екені, алғаш рет қылмыстық жауапқа тартылғаны, жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша жақсы мінездемесі назарға алынып, Жангелді Әубәкіров пен Нұрлан Досовқа 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза,

С.Жанасбаев, Д.Дүйсемби, Н.Мұстафиннің әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Барлық сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар