Жемқорлардың түзеу мекемесінде жазасын өтеу шарттарына өзгерістер енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жемқорлардың түзеу мекемесінде жазасын өтеу шарттарына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды жазаны өтеу үшін бірден қауіпсіздігі төмен қылмыстық атқару жүйесі мекемесіне жіберу мүмкіндігі алынып тасталды. Сыбайлас жемқорлар үшін мұндай артықшылық ( жалпы қылмыстар үшін сотталғандарға қауіпсіздігі төмен мекемелерге ауысу үшін жабық үлгідегі түзеу мекемелерінде кемінде екі жыл өткізу қажет болатын) белгілі бір сын тудырған еді. Сондықтан Президент сыбайлас жемқорлар үшін жазаны өтеу шарттарын өзгерту туралы шешім қабылдады», - деді Олжас Бектенов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, енді парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталғандар (айтарлықтай және ірі мөлшерде пара алу және беру, құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның пара алуы, парақорлыққа бірнеше рет делдал болу) жазасын өтеу үшін қауіпсіздігі орташа мекемелерге, ал аса ірі мөлшерде пара алған немесе берген адамдар максималды қауіпсіздіктегі мекемелерге жіберілетін болады.

«Осылайша, мұндай санаттағы адамдар үшін жазаны жеңіл өтеуге құқықтық тосқауыл қойылды. Қауіпсіздігі төмен мекемелерге ауысу үшін енді олар залалды өтеумен қатар, тағайындалған жазаның бір бөлігін түзеу мекемелерінде үлгілі мінез-құлықпен өтеуі тиіс. Бұның қылмыстық жазалау мақсаттарына толық сәйкес келетініне, сүрінгендерді түзету жолында өзінің оң тәрбиелік әсерін беретініне толықтай сенеміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар