Жемқорлардың мүлкі көпбалалы отбасыларға таратылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлардың мал-мүлкін әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға таратып беру мәселесін қарастырып жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық бюроның жетекшісі Талғат Татубаевтың айтуынша, бүгінде аталған орган ұрланған ақшаны анықтап қана қоймай, тәркіленген мүлік пен ақшаның айналымын да бақылап келеді.

«Мемлекет меншігіне аударылатын мүлік те бар. Қазіргі кезде біз тағы бір бастаманы көтеріп жатырмыз. Ондай активтерді әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға - балалар үйлері мен көпбалалы отбасыларға таратып беру мәселесі пысықталып жатыр», - деді Татубаев Астанадағы xалықаралық конференцияда.

Бюро басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы орган құрылғалы бері 8 мыңнан астам жемқорлық әрекеттері әшкериленді. Осы жұмыстың аясында шамамен 3 мың адам қылмыстық жазаға тартылды. Мемлекетке келген шығын 60 млрд теңгеден асты.

«Ол ақшаның жартысы қайтарылды. Осы қаржыға 19 мектеп, 100 балабақша немесе 18 ауруxананы салуға болатын еді», - деп атап көрсетті Талғат Татубаев.

Соңғы жаңалықтар