Жемқорлардан тәркіленген қаражат мектептер құрылысына арналған есепшотқа түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жемқорлардан тәркіленген қаражатты мектеп құрылысына бағыттау жұмыстары қалай атқарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз заңнамаға, бюджет кодексіне арнайы нормалар әзірледік. Онда осы қаражатты аудару үшін Қаржы министрлігінде арнайы бөлек шот қарастырылған. Құқық қорғау органдары тиісті жұмысты қамтамасыз етеді. Осы орайда шешім шығарылған жемқорлар бойынша қаражат Қаржы министрлігінің арнайы шотына түседі», - деді Әлихан Самилов Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Үкімет басшысы бұл есепшотқа қанша қаражат түскенін нақтылады.

«Қазірдің өзінде шамамен 50 миллиард теңге түсті, жақын арада бұл сома 100 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қаражат орын тапшылығы бар және үш ауысымда білім беретін, сондай-ақ апатты жағдайдағы мектептері бар өңірлерде жаңа нысандар салуға бағытталады», - деді Әлихан Смайылов.

Қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта тиісті құжаттаманы әзірлеп жатыр.

Айта кетейік, биыл қыркүйек айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс екенін айтты.

«Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар