Жемқорлардан 120 млрд теңге тәркіленді – қаржы мектеп құрылысына қалай бағытталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлық істері аясында тәркіленген 120 млрд теңге арнайы шотта жиналады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір бұл шотқа шамамен 120 миллиард теңге жинақталған. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігінен өтініштер күтіп отырмыз. Яғни, бірінші кезекте тиісті мектептер жөнделеді. Бұл тұрғыда үш ауысымда оқытатын мектептерге назар аударылады. Өйткені оларды бірінші кезекте қамту керек. Сонымен қатар осындай мектептерді кеңейту үшін тиісті нысандарды салу қажет», - деді Е. Жамаубаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазіргі кезде өтінімдерді қабылдау процесі жүзеге асырылады.

«Тиісті тізім жасалғаннан кейін, оны республикалық бюджет комиссиясына енгіземіз. Осы іс-шаралардан соң, қаражатты өңірлерге бағыттаймыз», - деді Қаржы министрі.

Бұған бұрын хабарланғандай, Президенттің тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлық істері аясында тәркіленген қаражат арнайы шотта жиналады. Бұл шот білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағытталған.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қаржы министрлігіндегі сыбайлас жемқорлыққа байланысты бюджеттен тыс қордағы қаражатқа қатысты пікір білдірген еді.


Соңғы жаңалықтар