Жем-шөп дақылдарының үлесін ғылыми негізделген нормаға жеткізу керек - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы жылдары мал азығын арттыруға ерекше назар аудару керек болып тұр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ет және сүт өнімдерін өндіруді, экспорттауды дамыту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда палата депутаты Берік Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет саланың стратегиялық маңыздылығын түсінгендіктен, мал шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау көлемін жыл сайын ұлғайтуда. Мәселен, соңғы бес жылда субсидиялар көлемі 2 есе өсті. Бірақ қол жеткізілген оң нәтижелерге қарамастан, ауыл шаруашылығы елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен небәрі 4,3 пайызын өндіреді. Елбасы да осы мәселеге бірнеше рет назар аударған болатын және 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді» тапсырды. Бұл ретте, біздің ойымызша, баса мән беруді қажет ететін бірқатар елеулі проблемалар бар», - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Б. Оспанов.

Осы орайда ол маз азығы мәселесіне тоқтала келе, бүгінгі таңда шартты түрде бір мал басына небәрі 10 центнер азық бірлігі өндіріліп жатқанын, бұл қажетті зоотехникалық нормадан төмен екенін атап өтті.

«Егіс алаңдары құрылымында жем-шөп дақылдарының үлес салмағы ғылыми негізделген 30 пайыздың орнына 16 пайызды ғана құрайды. Оның үстіне олардың өнімділігі де төмен және өсірілетін жем-шөп дақылдарының жиыны шектеулі. Жем-шөп өндірісінде негізінен өнімділігі аз табиғи шабындықтарға мән берілген», - деп түсіндірді депутат.

Ғалымдардың деректері бойынша, қажетті жем-шөп базасын құру есебінен және жануарларды толыққанды азықтандыру арқылы қолда бар мал басының өнімділігін шамамен 2 есеге арттыруға болады.

«Осыған байланысты жемшөп базасын құру бағытына тоқталсақ, егіс алқаптардың құрылымында жем-шөп дақылдарының үлес салмағын ғылыми негізделген нормаға жеткізу, яғни шамамен 2 есе ұлғайту қажет. Екіншіден, жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамыту керек. Үшіншіден, жыл сайынғы өндіріс көлемін талап етілетін тұтыну нормаларына дейін жеткізіп, құрама жем өнеркәсібін дамыту қажет», - деді Б. Оспанов.

Бұдан бөлек ол құс өсірушілер үшін қолжетімді баға бойынша 600 мың тонна көлемінде астықтың жемдік қорын құру мәселесін қарау керек екенін, ол бойынша қажеттіліктерді Азық-түлік корпорациясы өтей алатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар