Желтоқсаншы Марат Рамазанов: Тәуелсіздіктің туын тігу арман еді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Желтоқсан оқиғасына қатысқан әрбір азамат елінің егемендігін, халқының тәуелсіздігін аңсады. Қара басының қамынан қазақтың мүддесін, өз жағдайынан Отанының тағдырын артық көрді. Солардың бірі – Марат Рамазанов. Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық «Jeltoqsan-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып отырған Зайсан ауданының тумасы желтоқсаншылардың жағдайын жақсартуға үлес қосып жүр. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген М.Рамазанов атқарып жатқан жұмыстарының бүге-шүгесін айтып берді.

- Сөзді Желтоқсан оқиғасын қалай өткергеніңізден бастасақ?

- 1986 жылы Алматыдағы Есеп қисап техникумының соңғы курсында оқып жүрген едім. Көкшетауға жұмысқа жолдама да алып қойғанмын. Жатақханада жатқанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев қызметінен кетіп, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалғаны туралы хабарды есіттік. 20 шақты жігіт өре түрегеліп, алаңға қарай тарттық. Жиналған жұрттың қарасы мол болды. Алайда мұздай қаруланған әскерилерге шамамыз қайдан жетсін?! Олар бізді оңай басты. Осыдан кейін қуғын-сүргін көрдік. Оқудан шығарылдым. Ешқай жерге жұмысқа алмай қойды. Ол кезде Тәуелсіздіктің туын тігу арман еді ғой, шіркін! Қазір құдайға шүкір, егеменді елміз. Осыны қадірлей білу керек.

- Шығыс Қазақстан облыстық «Jeltoqsan-86» қоғамдық бірлестігі қашан құрылды?

- Бұл бірлестік 2020 жылдың 28 мамырында құрылған. Жұмыс істеп жатқанымызға 1 жарым жылдай уақыт болды. Мақсатымыз – өңірдегі барлық желтоқсаншылардың басын қосу, олардың ақталуына жәрдемдесу және басқа да қажетті көмек көрсету.

- Осы уақытқа дейін қандай жұмыс атқарылды?

- Ел аумағында ең белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан қоғамдық бірлестіктердің біріне айналдық десем артық айтқандық болмас. Қазір 400-ге жуық желтоқсаншының басын қосып отырмыз. Оның ішінде 250-ден астамы бірлестік мүшелігіне ресми түрде өтіп, қолына құжат алған.

Талай жастармен, студент-оқушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Былтыр Сәбира Мұхамеджановаға арнап ас берілді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен желтоқсаншылар жиналған-тұғын. Астан кейін «Желтоқсанның беделі мен берері» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Биыл 14 қарашада тағы да дөңгелек үстел болып, оған елордадан, Алматыдан Желтоқсан оқиғасына қатысқан арда азаматтар келді. Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылында Сәбираның мүсіні тұғырға қонды. Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжіндегі қаһарман қыздың тақтатасы ауыстырылды. Бұл тақтатастың орнатылуына кезіндегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұрындық болған еді. Бұдан бөлек, оқу орнында Сәбира Мұхамеджанова атындағы стипендия тағайындалды.

- Желтоқсаншыларға нақты қандай көмек көрсетіліп жатыр?

- Бүгінге дейін 70-ке жуық желтоқсаншының ақталуына жәрдемдестік. 40 адам санаторийге тегін емделуге жіберілді. Түрлі қиындықтарға тап болғандарға да жан-жақты қолдау білдіріп жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да үздіксіз жалғастыра бермекпіз. Айта кету керек, бастамаларымызға ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов әркез қолдау білдіріп келеді.

- Сонда Желтоқсан оқиғасында Шығыс Қазақстан облысында наразылық акциясына қанша адам қатысқан?

- Елі мен жерінің болашағы үшін қам жеген талай адам көшеге шықты ғой. Өскемен, Семей қалалары ғана емес аудандарда да халықтың жанайқайына үн қосқандар болды. Бір жерде жүздеген, кей аумақта ондаған адам орталық алаңдарға беттеген. Зерттей келе, жалпы Шығыс Қазақстанда 3 мыңға жуық адам наразылық акциясына қатысқанына көзіміз жетті.

- Сәбира Мұхамеджанованың 35 жылдан кейін ақталғандығы туралы естідік. Сол жайлы айтып өтсеңіз?

- Желтоқсан көтерілісіне қатысқан талай қазақ жастары өмірімен қош айтысқан. Солардың бірі – Сәбира Мұхамеджанова еді. 16 жасында қаза болған қайсар қыз осы уақытқа дейін ақталмай келді. Әйтеуір 35 жылдан кейін бұл олқылықтың орны толды. Осы орайда Сәбираның ақталуында «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолданың еңбегі зор. Сондай-ақ Сәбира Мұхамеджановамен бір топта оқыған 28 қыз бен курстас 8 жігіт те ақталды.

- Алдағы уақытта тағы қандай жоспарларыңыз бар?

- «Шығыстық желтоқсаншылар» атты кітап шығарайын деп жатырмыз. 1000 данамен жарық көретін кітапта 250 адамның материалдары енгізіледі. Бұл тың деректері бар дүние болмақ. Кітаптың тұсаукесерін 2022 жылдың ақпан айында өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Биыл Сәбира атындағы көше пайда болған Семейде Желтоқсан монументі ашылмақ. Қазір мүсіншілер жұмысты бастап та кеткен. Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшамауданында Желтоқсан аллеясы салынады деп күтілуде.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар