Желтоқсанға белгіленген Головкин - Сондерс жекпе-жегінің өтер-өтпесі келесі аптада шешіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Британ боксшысы Билли Джо Сондерстің (25-0, 12 КО) промоутері Фрэнк Уоррен қазақстандық Геннадий Головкинмен (37-0-1, 33 КО) өтетін жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz. 

«Головкин - Альварес айқасындағы күдікті тең нәтиже Сондерске қалай әсер ететіні - басқа мәселе. Не де болса ол желтоқсанда айқас өткізеді. Қарсыласы Головкин болғаны жақсы еді. Біз бұл айқасты ұйымдастыра аламыз деген үміттемін. Қолымыздан келе ме, жоқ па, келесі аптада көреміз. Сәті түспесе, басқа мүмкіндіктерді қарастырамыз. Билли жұдырықтасуы тиіс. Оның белдігі бар, өз мансабы бар. Бірақ олардың бірі [Головкин немесе Альварес] онымен кездесетіні анық. Бастысы, Билли келесі аптада Шеффилдтегі жаттығуларға қайтып, желтоқсандағы айқасқа дайындалады. Ол салмағын бақылауы тиіс, соңғы кездесуде [Кіші Монроға қарсы] ол өте ауыр болды», - деп жазды Уоррен.

Еске сала кетейік, Альвареске қарсы кездесуде Головкин барлық белдіктерін қорғап қалды. Оған әлі де болса дивизионның абсолюттік чемпионы болуы үшін WBO титулы жетпей тұр. Сонымен қатар тараптар 2018 жылдың мамырында өтуі мүмкін реванш жайында да келіссөздер жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар