Желтоқсан оқиғасына қатысқан ақтөбелік мұғалім Гүлайым Жанғалиева естелігімен бөлісті

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Желтоқсан оқиғасы кезінде студент болған Гүлайым Жанғалиева әлі күнге дейін өткен күндерді қорқынышпен еске алады. Тәуелсіздік алған жылдары ғана еркіндікті сезінгенін, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық рухқа көп көңіл бөлетінін ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Ақтөбе облысы бойынша Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы нақты мәлімет жоқ. Олар соңғы жылдары ғана бас біріктіріп, бір-бірімен таныса бастады. Дегенмен кейбірі бұл топқа енбеді. Солардың бірі – Ғ.Ақтаев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлайым Жанғалиева. Сабақ, одан қалды кездесулерге жиі барып жүрген ұстаз аз уақытын бөліп, өзі туралы сыр шертті.
Гүлайым Жанғалиева Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тумасы. Шалқар қаласындағы №2 мектепті бітіріп, 1982-1987 жылдары Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетінде оқыды.Студент кезінде тұрмысқа шықты. Одан кейін Шалқарға оралып, Сарбұлақ орта мектебінде бір жылдай жұмыс істеді. 1990 жылдан бастап Шалқар қаласындағы №1 мектепте 14 жылға жуық уақыт еңбек етті. Одан кейін жолдасы Алматы облысындағы Достық кентіне жұмыс бабымен ауысып, Гүлайым Жанғалиаева Қытаймен шекаралас ауыл мектебінде 4 жылдай ұстаздық етті. Ал 2006 жылдан бері Ақтөбе қаласы Ғ.Ақтаев атындағы мектепте сабақ береді. Ол естелігін 1986 жылдың 16-желтоқсанынан бастады.


«Желтоқсан оқиғасы кезінде біз 5-курс студентіміз. 16 желтоқсан күні дипломдық жұмыс жазу үшін Пушкин атындағы кітапханаға бардым. Ол кезде жүкті едім әрі пәтерде тұрдым. Жолдасым жұмыс істеді. Оқиға әлі көз алдымда. Әдетте кітапханада адам толып отыратын. Бұл жолы аз болды. «Бүгін жақсы, адам аз» деп ойладым. Түсте сонда тамақтанып, оқып, түстен кейін далаға шықтым. Адамдардан «Брежнев алаңы», «Брежнев алаңында жиналып жатыр» дегенді естідім. Бәрі сонда бара жатты. Мен де алаңға бұрылдым. Жаспын, 22-демін. Сол жерде бір сағаттай жүріп, таныстарды іздедім. Ешкім кезікпеді. Көп ұзамай жолдасымның жұмыстан келетін уақыты болды. Үйге оралдым. Ертеңіне институтқа келдік. Өткен түнгі жаңалықты естідік. «Қонаевты орнынан алып, орнына орыс ұлтынан адам әкелген» деді. «Қазақ немесе қазақстандық неге болмаған» деген сөздер айтылды. Сабаққа келген бойда талқылау болды. Сол кезде ағайымыз келді. Мәскеудегі жағдайды да әңгімеледі. Бір сәтте «ҚазПИ шық-шық» деген дауыс естілді. Бәріміз терезеге барып, қарадық. Онда 100-ден астам адам әр институтты жағалап келе жатыр екен. Қолында ұран сөздер жазылған плакаттары бар. Есікке қарай барғанымызбен кураторымыз Болат Жұмағұлов алдымыздан шығып, жібермей тұрып алды. «Сіздер тарихшылар ғана емес, саясаттанушысыңдар. Алаңға барсаңдар оқудан шығып, дипломсыз қаласыңдар» деді. Ұрандатып келген топтан «ҚазПИ қорқақ» деген сөз де естілді. Екі сағаттан кейін бәрімізді төменде жинады. Әйнектің бәрі сынып, терезені шкафпен қымтап қойған. Жақын жердегі студенттер ауылына қайтып, пәтерде тұратындар үйден шықпасын деді. Жатақханада тұратындарға да сондай тапсырма берді. Біз одан бұрын сыртқа шыққан соң алаңға барамыз деп келісіп алдық. Сонымен алдымен бөлініп, кейін біріктік. Алаңда жүрдік, елімізге танымал адамдар сөз сөйледі. Кешке дейін біз еркін қозғалып, танысымызды іздедік. Топ-топ болып үйірілді. Біз негізгі алаңнан сәл ұзағанда әскерилер топты қоршап алды. Ешкімді шығармады, ешкімді кіргізбеді. Бөлініп қалдық. Топтан бөлінгеннен кейін алаңда қалған адамдарға өрт сөндіру көлігімен су шашты. Жоғары атқылағанда алаңда тұрған жастар бұғып, қорғанды. Су сол кезде олар қатты лекпен қорғанды. Ешкімші құлата алмады. Күн ызғарлы, су болды. Қолымыздан ештеңе келмеді. Көмектесе алмадық. Содан соң бүлікшілік басталып кетті. Бір қарасақ автобус төңкеріліп жатыр, көлік жанды. Айналасындағы дүкеннің бәрі тоналды. Арандатушылық әрекеттің әсерінен дүкенде тұрған ішімдікті де әкеліп берді далада тоңып тұрған адамдарға. «Жастар қайтыңдар, аз ғана топ маскүнемдер мен нашақорлардың жасап жатқан шеруі, қосақ арасында қосарланып кетесіңдер» деді. Кешке дейін жүріп, күйеуім келетін кезде үйге қарай беттедім. Үйге келсем, жолдасым жоқ. Күттім. Ол түн ортасында келді. Алаңда болған екен. Оларды күштеп таратқан. Қашып келе жатқан кезде бір қыздың дауысын естіп, тоқтаған. Таяқпен ұрайын деп жатқан кезде екі жігіт болып үстіне құлап, көмектескен. Сүйрелеп, қашқан. Сол маңдағы үйлер есігін ашпаған. Кейін көпқабатты үйлердің подьезіне кіріп, балкон түбінде жатқан. Ертеңіне жолдасымның жұмысқа баруы керек еді. Екі адам жүрсе, бәрін тиеп әкетті. Тек жалғыз адамға рұқсат бар. Автобуста тек қазақтар ғана болған, өзге ұлт болмады», - деп баяндап берді Гүлайым Жанғалиева.
Арада үш күн өткенде сабақ қайта басталды. Бірақ тергеу жалғасты. Тексеру үздіксіз жүрді. Студенттердің қайда болғанын, жанында кімдер жүргенін сұрады.
«Бесінші курста 50 студент болды. Ешкім де ұсталмаған екен. Өзімнің немере сіңілім бар еді. Ол Қыздар педагогикалық институтында оқыды. Соны ұстап алып, милицияның машинасына тиемек болған. Қазақ жігіті жанындағы адамдар кеткен бойда алаң маңындағы шыршаның түбіне лақтырып, жат деп бұйырған. Екі сағат жатқан кезде кетуге адам аяғы сейіліп, кетуге рұқсат берген. Соның зардабынан 37 жасында бүйрегі сыр беріп, көз жұмды. Желтоқсан оқиғасы болса мен сол немере сіңлімді еске аламын. Әңгімеге қайта оралсам... КГБ-ның адамдары бір курстағы бес отбасылы студентті өздеріне шақырды. Өзім жүкті едім, қорықтым. Күйеуім жұмыстан сұранып, бірге ере барды. Мені ғана ішке кіргізді. Жертөлеге әкелді. 1937 жылғы репрессия кезіндегі ату жазасына ұсынылған адамдар, сол кездердегі тергеушілердің өмірі көз алдыма елестеді. Қабырғасы боялмаған, сұрғылт бөлме, ортада үстел тұр. Өздеріне екі, қарама-қарсы отыратын адамға бір орындық қойған. Кірген соң өзімді таныстырдым. Тергеу орыс тілінде болған сияқты. Бір бума фотоны алдыма тастап, кімді танитынымды сұрады. Алаңдағы адамдардың фотоларын қалай түсіргенін білмеймін. Жеке-жеке фото. Қараған сайын қорықтым. Шамамен 15 минут қараған соң ешкімді танымағанымды айттым. Ол кезде «ешкімді танымаймын, білмеймін, ешқайда бармадым» деп айтуды үйретті. Қорқыныш болды. Отбасым, дүниеге келетін сәбиім үшін алаңдадым. Танымайтынымды қазақшалап жазып бердім. Институтты бітіріп, қолымызға диплом алып, Шалқар ауданы, Сарыбұлақ ауылы маңындағы 8-март деген село болды. Сол селоға тарих пәнінің мұғалімі болып бардым. Бір күні сабақта отырсам, директор келді. «Сабағыңды таста, адамдар келіп отыр» деп ескертіп, мені алып шықты. Кабинетке кірсем, екі адам отыр. Бірі орыс, екіншісі қазақ. Қазағы Шалқар аудандық қауіпсіздік қызметінің өкілі, орыс қызметкер Ақтөбе қаласынан келген. Тексеру жүргізетін адамдарда менің өмірбаяным жазылған папка болды, екінші папкада Желтоқсан оқиғасы күні аудиторияда кімнің не айтқаны жазылған. Оқытушылардың сөзі, сол кездердегі жағдайы анық көрініс тапқан. Құлап қала жаздадым. Әңгіменің айтылғанын растадым. Мені жыл сайын тексеретінін, ол туралы ешкім білмеуі тиіс екенін ескертті. Тіпті күйеуіме тіс жармайтын едім. Құжатқа қол қойдым. 1991 жылға дейін солай болды. Бала күтімімен үйде отырғанда да келді, қарады. Онда да ешкімге сездірмедім», - деді ұстаз. Оның айтуынша, Желтоқсан оқиғасы бүкпесі де, нүктесі де көп оқиға. Қазір де мектепте бір ғана сағат бөлінген. Тарихшы ұстаз тәуелсіздік туралы айтар кезде бұл өте аз уақыт деп есептейді.


«Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың арам пиғылы болмады. Олар бар болғаны бейбіт шеруге шықты. Билік басына қазақ немесе қазақстандық азамат келсін деді. КСРО-ға қарсы саясат деп күшпен басып, жаншыды. Қазір Тәуелсіздік күні өтпей-ақ көшеден Жаңа жылға қатысты құттықтаулар тұрады. Бұл бізге өте ауыр. Қарның ашады. Жас мамандарға, артымнан ерген мұғалімдерге балаларды ұлттық рухта тәрбиелеу керек екенін жиі айтамын. Балаларға отаншылдықты, адамгершілік қасиетті сіңіруіміз керек. Ең бірінші тілді құрметтеуі тиіс. Себебі тіл жоғалған жерде ел де, мемлекет те жойылады. Балалар үзіліс кезінде орысша сөйлейді. Тоқтатып, ескертсең, кешірім сұрайды. Кейін қайта жалғастырады. Бұл үлкен проблема», - деді Гүлайым Жанғалиева.
Желтоқсан оқиғасы – еркіндікті аңсаған жастардың үні. Бұл үн алаңда ашық естілді, ұранға айналып, жырға қосылды. Жастар ызғарық желді тәнімен сезсе де жаны жылулық күтті. Жылдар бойы қорқып, үрейде жүрген сол жастар қазіргі кезде зейнет жасына жетті, ондаған жылды артқа қалдырды. Ұрпақ өсірді, ел болашағының тәрбиесіне атсалысты. Олардың бар ойы тәуелсіздіктің тұғырлы болуы, балалардың алаңсыз ойнап-күлуі, елді дамуы.


Соңғы жаңалықтар