Желтоқсан мен қаңтарда карантин қатаңдауы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде карантин шараларын күшейту халық денсаулығы үшін тиімді болғанымен, бизнес өкілдеріне жеңіл тимейтіні анық. Әрине, қарапайым жұрт та шектеулерден шаршайды. Қалай болған күнде де сақтық шараларын қаперден шығаруға болмайды. Тәртіпке бағынып, талапты орындағаннан ұтылмайтынымыз анық. Өйткені, ең бастысы денсаулық. Бас аман болса, ортайған қазанды толтырып алармыз.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой карантин шараларын қатаңдатуға қатысты пікір білдірді. Ведомство басшысы бұл кезең желтоқсан-қаңтар айларына сай келуі мүмкін екенін айтып отыр.

«Апта сайын мәліметтерге сараптама және алдағы жағдайға қатысты болжам жасалады. Қазіргі ахуалға көз жүгірте отырып желтоқсан-қаңтар айларында карантин шаралары күшейтілуі мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ барлығы жағдайды қаншалықты бақылауда ұстай алатынымызға байланысты», – деді А.Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Қызыл аймаққа» енген өңірлер

Еліміздің бес өңірі «қызыл аймаққа» кірді. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарында қатаң шектеу шаралары енгізілді.

Елімізде қазан айымен салыстырғанда індеттің таралу деңгейі 3,7 есе өскен. Соңғы уақытта вирус жұқтырғандардың 70% - «қызыл аймаққа» енген өңірлердің тұрғындары.

Сырттан ауру әкелгендер саны 2 есе азайған. Бұған дейін Ресейден келгендерден вирус жиі анықталып келді. Сырттан келетіндер ПТР тест тапсыруға міндетті. Министрдің сөзінше, бұрынғыдай емес, жұрт босаңсып кеткен. Той-томалақ өткізу тыйылмай тұр.

Шығыс Қазақстанда жағдай тұрақталды.

«Мысалы, коронавирус өршіген кей өңірде жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз. Шығыс Қазақстанда жағдай реттеліп, жұқтыру деңгейінің азайғанын байқадық», деді А.Цой.

28 қарашадағы мәлімет бойынша, елімізде 130 039 науқас коронавирус жұқтырған. Және 41 940 адамнан КВИ-ге ұқсас пневмония анықталды.

Осы КВИ оң аурудан 1990 адам, ал, КВИ анықталмаған пневмониядан 440 адам қайтыс болған. 27 қарашадағы ақпарат бойынша, еліміз орташа қауіпті аймақта тұр.

Алексей Цойдың мәлімдеуінше, күні бүгінге дейін вирусты анықтау мақсатында 4 млн зерттеу жүргізілген.

Тест өткізу тәулігіне 90 мыңға дейін жетіпті. Дәрілік препараттар екі айға жетеді. Медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныш құралдарының 3 айлық қоры жасалған.

Инфекциялық ауруханаларда төсек-орынның 22%, жансақтау орындарының 17% толған. Министр коронавируспен күреске жұмсалған барлық қаражат туралы алдағы уақытта толық мәлімет беретінін айтты.

Алматы облысының Шонжы елді мекенінде соңғы он күнде 21 адамнан ковид белгілері анықталған.

Індеттің өршуіне байланысты аудандық бас санитарлық дәрігердің қаулысымен ауылға төрт бірдей тексеріс бекеті қойылды. Соның негізінде бірқатар шектеу енгізіліп, сақтық шаралары күшейтілді.

Нақтырақ айтқанда, бір отбасы мүшелері болмаса көшеде топтасып жүруге тыйым салынды. Сауда үйлері мен дүкендердің жұмыс уақыты қысқартылды.

Елді мекенге сырттан келгендер кіргізілмейді. Тек азық-түлік тасымалдайтын және транзит арқылы өтетін медициналық, коммуналдық қызметтер мен өзге құрылымдардың мамандарына ғана рұқсат беріліп отыр.

Оның өзінде жолаушылардың дене қызуы өлшеніп, сауалнама жүргізілгеннен кейін жіберіледі.

600 медицина қызметкеріне резерв жасақталды

Павлодар облысының коронавирус пандемиясы бойынша «қызыл» аймаққа енуіне Ресейден келушілердің әсері көп. Облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов осылай деп мәлімдеді.

Қазан айында көрші елден 34 мың адам келген. Жағдай күрделеніп, ауру жұқтырғандар саны өсіп кетті. Кейін шектеу шаралары енгізіліп, қарашада өткізу бекеттерінде барыс-келіс азайды. Сәйкесінше, ауру тасымалдау көрсеткіші төмендеді.

Дегенмен, облыс тұрғындарының арасында вирустың таралуы бәсеңдемей тұр. Осыған орай эпидемиологиялық ахуалды реттеу жолдары жетілдіріліп жатыр.

«Ауруханалардағы жансақтау бөлімінде төсек-орын көбейтілді. Стационарлар барынша жабдықталды. Оттегі 6 есе ұлғайды. Дәрі жеткілікті. Медқызметкерлер резерві – 600. Әрине, коронавирус қауіпті. Оны анықтау да, күресу де оңай емес. Өзге науқастардың да жағдайын ескеруді ұмытқан жоқпыз», - деді облыс әкімі.

Екі қалаға кіріп-шығу қиындады

Көкшетау мен Степногор қалаларына кіріп-шығуға тыйым салынады. Бұл туралы аймақтың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.

Жаңа қаулыда 28 қарашадан бастап аталған шаһарлардағы санитарлық бекеттерде карантин талаптары күшейтілетіні айтылған. Өйткені вирус өршіп барады.

Мәселен, өткен аптада өңірде 257 жағдай тіркелсе, осы аптада 500-ге жуық адам қауіпті індетке шалдыққан. Ал оның көбі - Көкшетау мен Степногор қалаларынан дейді мамандар.

Аталған елді мекендерге тұрғындар жұмыс орнынан анықтама, іссапар қағазы немесе емхананың жолдамасы секілді құжаттармен ғана кіріп-шыға алады.

Егер бұл екі қалаға өте тығыз жағдаймен кіріп-шығу қажет болса, ол адамнан мерзімі 3 күннен аспаған ПТР анықтамасы талап етіледі. Ал ұшақпен және пойызбен аталған тест нәтижесінсіз-ақ келіп-кете беруге болады.

Ондағы шектеулер республикалық комиссияның шешімімен реттеледі. Ал қозғалысты түбегейлі тоқтату, яғни блок-бекеттер қою тек төтенше жағдай режимінде жасалатын іс-шара.

Тәртіпке бағынбай той жасағандар

Жұрт қауіпті індет қай жақтан кеп қалар екен, деп алаңдап жүрсе, шымкенттіктер қалың адамды жинап, той жасауын доғармай келеді. Айыппұлдан да әсер жоқ.

Күні кеше ғана Шымкентте қыз ұзату тойын ұйымдастырғандар анықталды. 25 қараша күні Шымкент қаласының Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан «777 (7 бочек)» мейрамханасында қыз ұзату тойын ұйымдастырған.

Салтанатты шараға шақырылмай кіріп барған тәртіп сақшылары жиында 100-ге жуық адамның болғанын анықтапты. Полицейлер аталған жайтқа қатысты карантин талаптарын бұзған азаматтарға ҚР ӘҚБтК 425–бабы бойынша хаттама толтырды.

Жинақталған іс-құжаттар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.

Айта кетейік, карантин режимі енгізілгелі бері Шымкент қаласы полицейлері және арнайы құрылған мобильді топ 910 құқықбұзушылық анықтаған.

Қауіпті індеттен қорғану үшін қажет қосымша

Елімізде «Сақ бол» мобильді қосымшасы әзірленді. Ол қауіпті індеттен қорғану үшін жасалды. Мобильді қосымшаны смартфонға жүктеген соң «Блютузды» қосып қою керек.

Оның көмегімен адамдар арасындағы арақашықты сақтау жеңіл. Әлгі қосымша сәт сайын белгі беріп отырады.

Сосын егер әлдекімнен вирус анықталып, ол ақпаратты мобильді қосымшаға енгізсе, сізге хабарлама келеді.

Вирус жұқтырған адамның соңғы екі аптада сізбен байланыста болған-болмағанын біліп отырасыз. Мамандар осы қосымшаны жүктеп алуға кеңес беріп отыр.


Соңғы жаңалықтар