Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Сәбира Мұхамеджанова жайлы талай дүние әлі айтылған жоқ – тарихшы

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Желтоқсан оқиғасында елінің ертеңі үшін елеңдеп, алаңға беттеген жастар аз болған жоқ. Соның бірі – Сәбира Мұхамеджанова. Батыр қыз барлық жаланы өз мойнына алып, небәрі 16 жасында осы дүниемен қош айтысқан. Сәбира жайлы туған жерінде жиі айтылғанымен әлі күнге дейін республика көлемінде лайықты құрмет көрсетілмей келеді. Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында тұратын тарихшы Қуаныш Қабидолдин Сәбира Мұхамеджанова жайлы магистрлік диссертация қорғаған. ҚазАқпарат тілшісі оны әңгімеге тартып, біраз тың ақпараттарды естіп қайтқан болатын.

- Желтоқсан көтерілісі Өскеменде қалай өткен?

- Желтоқсан көтерілісі дегенде әлі күнге дейін жанымыз түршігіп, денеміз мұздап, жүрегіміз езіледі. Өткен ғасырдың аяғында болған бұл көтеріліс қазақтың сан ғасыр бойғы еркін, азат ел болуға ұмтылған әрекетінің соңғы көрінісі. Алматыдағы бас көтеруге еліміздің бірнеше қаласында қолдау көрсетіліп, жастар көшеге шықты.

Сондай толқулардың бірі Өскеменде өтті. Ленин атындағы алаңға шыққан студент жастар тергеуге алынып, жазықсыз жазаланған сәтте «Бәріне кінәлі мен. Алаңға өзім үгіттеп апардым. Оларды оқудан қумаңдар. Шеруді де мен ұйымдастырдым» деп өз өлімімен өзгелерге өмір сыйлаған Сәбира Мұхамеджанова еді.

Тоқтаусыз тексерулер, орынсыз қорлау, жала жабу мен тергеуге шыдай алмаған Өскемен педагогикалық училищесінің екінші курсында оқыған Сәбира жатақхананың 5 қабатынан секіріп, мерт болады. Сөйтіп ол Желтоқсан көтерілісінің құрбанына айналды.

Сәбира Мұхамеджанова туралы алғаш рет жазған, оны елге танытқан – белгілі жазушы Асқар Алтай еді. 1990 жылдардың басында Алматыдан Жазушылар одағының тапсырмасы бойынша Өскеменге және Сәбираның туған ауылы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылына келіп, журналистік зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде «Он алты жаста еді» деген тақырыпта көлемді мақала жазды. Кейін осы мақала бірнеше газет, журналда және кітапта басылып шықты. Ал қазір барлық жерде жарияланып жүрген Сәбираның фотосуретін жазушы сол кезде анасынан сұрап алған екен. Осылайша ел Сәбира Мұхамеджанова есімін білді.

- Өзіңіз Сәбира туралы талай ізденіп, тіпті ол туралы магистрлік диссертация жазыпсыз.

- Былтыр Желтоқсан көтерілісінен бері 35 жыл уақыт өткенде Сәбира Мұхамеджанова ақталды. 2022 жылы жазда мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «1986 жылы Өскемен қаласындағы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Сәбира Мұхамеджанова өмірінің ақтаңдақтары» тақырыбында магистрлік диссертация қорғадым. Бұл Сәбира туралы жазылған алғашқы ғылыми еңбек болып отыр.

Осы еңбекті жазу кезінде облыс мұрағаттарындағы құжаттарды ақтара отырып, Сәбираның мектепті кілең беске оқығаны туралы тағы бір тың құжатты таптым. Ол Өскемен педагогикалық училищесіне әр өңірден 8 сыныпты бітіріп келген озат оқушыларды емтихансыз қабылдау туралы № 50/а бұйрық. Осы бұйрықтағы оқушылар тізімінде Сәбираның аты-жөні 7 ші болып тұр.

Тағы бір мұрағат құжаты – Сәбираның өлімінен соң, педучилище комсомол комитеті отырысының 1987 жылдың 5 қаңтарында жазылған №23 хаттамасы. Хаттамада оқудан шығаруға ұйғарылған көшеге шыққан студент жастардың кейбіріне ескерту, кейбіріне сөгіс беріліп, оқуда қалдырылғаны жайында жазылған. Бұл іске себепші – өзін құрбан еткен Сәбира еді…

Сәбира оқыған бұрынғы педучилище қазіргі Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледж мұражайында батыр қыздың қаза болуына байланысты оқудан шығарылғаны туралы құжат-бұйрық бар. 1986 жылы 29 желтоқсанда училище директоры Н.Барановтың шығарған №141/а бұйрығында «2-ШО-3 тобының оқушысы С.Мұхамеджанова қайтыс болғанына байланысты оқудан шығарылды» делінген. Бұл ресми құжаттар қоғамдағы «Сәбираның өлімі Желтоқсан көтерілісіне еш қатысы жоқ» немесе «Сәбираның тәртібі нашар болған» деген секілді түрлі теріс көзқарастарды жоққа шығаратын айғақтар.

Сәбира туралы магистрлік диссертациямды сәтті қорғадым. Алдағы уақытта диссертацияны толықтырып, монография етіп құрастыру жоспарда бар. Сәбира туралы талай дүние әлі айтылған жоқ.

- Сәбира Мұхамеджанованың есімін ел есінде қалдыру, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өңірде қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Осы уақытқа дейін Сәбираға арналған бірқатар шара іске асырылды. Биыл қыркүйек айының басында Шығыс Қазақстан облыстық «JELTOQSAN 86» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Рамазановтың ұйымдастыруымен Зайсан қаласында жаңадан салынған үйлер орналасқан Заречный мөлтек ауданының 8-шартты көшесіне Сәбира Мұхамеджанова есімі берілді. Жаңа көшенің ортасында алдағы уақытта құрылысы басталатын зәулім мектептің орны қалдырылған. Жаңа мектеп салынатын осынау көшені Сәбираның атымен атау өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің үздік үлгісі болды.

Көшенің аты берілгендегі салтанатты шараға Тарбағатай ауданынан арнайы Сәбираның туған ағасы Мұратхан келді. Ол «Қатты қуанып тұрмын. Бүгін қарындасым тіріліп келгендей күйдемін» деп жан тебірентер толқулы сөзін айтты. Игі шараға Астана, Алматы, Тараз, Түркістан, Шымкент, Павлодар, Өскемен қалалары мен Тарбағатай, Күршім аудандарынан келген желтоқсаншылар жүрек жарды тілектерін жеткізді.

Қазан айында «JELTOQSAN 86» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Рамазанов және аталмыш бірлестіктің Тарбағатай ауданы бойынша төрағасы Бақыт Қатшабаевтың мұрындық болуымен Сәбираның жерлестері мен құрбы-құрдастары бірлесіп, батыр қыздың ағасы Мұратханға Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылынан үй алып берді.

- Ал жалпы республика көлемінде батыр қыздың рухына қаншалықты құрмет көрсетілуде?

- Сәбира елімізде ресми түрде Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болып саналғанымен әлі күнге дейін оның атын біреу білсе, біреу білмейді. 2011 жылы 1 желтоқсанда Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» атты халықаралық жыр мүшәйрасында жүлделі орындардан бөлек Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова, Е.Сыпатаев атындағы арнаулы жүлделер тағайындалғанда Сәбира Мұхамеджанова атында мұндай жүлде болған жоқ.

Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілген. Тараз қаласында оның ескерткіші және аты берілген саябақ бар. Семейдегі мектептердің бірі Қайрат Рысқұлбеков атында. Ләззәт Асанова мен Ербол Сыпатаевқа Жаркент қаласының орталығында еңселі ескерткіш қойылған. Алматы энергетика және байланыс университетінде Ербол Сыпатаев атындағы оқу залы ашылған. Одан бөлек, Алматы облысындағы бір көше Ербол Сыпатаевтың атымен аталады. Осы аймақтағы Еңбекші орта мектебіне де оның есімі берілген. Ал Сәбира Мұхамеджановаға арналған мұндай істер ел деңгейінде жоқ.

«JELTOQSAN-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов осыдан екі жыл бұрын облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына Сабирәның ауылындағы мектепке оның есімін беру жөнінде хат жазған. Алайда олар бұл ұсыныстың республикалық ономастикалық комиссияның мақұлдауынан өтпегенін айтты. Себебі Сәбира Мұхамеджанова танымал тұлғалар тізімінде жоқ екен. Өте өкінішті.

«Игіліктің ерте, кеші жоқ» демекші, былтыр ғана ақталған Сәбираның есімі мұқым елге аян болып, осы уақытқа дейін сең болып қатқан мұз еріп, жадыраған жаз келеді деген үмітіміз бар. Алдағы уақытта батыр қызға республика ауқымында құрмет көрсетіледі деп сенеміз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар