Желтоқсан қаһармандарының ерлігі оқулықтарда жеткілікті жазылуы керек - Қазыбек Иса

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, Азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл - 35 жыл. Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта алмаған, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған қазақ жастары алаңға шыққан күн - Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс! Қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясы кезінде алаңға жан немесе нан үшін шыққан жоқ, намыс үшін шықты! Пұл сұрап шыққан жоқ, Тіл сұрап шықты! Жоғалып бара жатқан Ұлттық Рухтың алаңға шыққан аттаны еді бұл! Қазақ жастары қызыл қанын төгіп жүріп, Қызыл империядан талап еткен Ұлт мүддесі қазір Тәуелсіз Қазақ елінде қорғалып жатыр ма? Ең бастысы,Тәуелсіздік жолында құрбан болған Желтоқсан қаһармандарының қазіргі жағдайы қалай? Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіз ел тарихындағы зор маңызын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айқын көрсетіп берді», - деді Қазыбек Иса Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі.

«Ендеше, Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісін неге ұлт азаттық көтерілісі ретінде танымаймыз?! Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған, қазақ жастарының қаһармандығынан қуат алған Баку, Тбилиси, Вильнюс қалаларындағы оқиғаларға өз елдерінде ұлт азаттық көтеріліс ретінде заңды баға беріліп, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды. Ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға неге «Халық Қаһарманы» атағын бермеске?», - деді депутат.

Осы орайда ол «Ақ жол» фракциясының ұсыныстарын жариялады:

1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек.

2. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.

3. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.

4. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.

«Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет. Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс», - деді Қазыбек Иса.


Соңғы жаңалықтар