Желтоқсан айында «Астана опера» көрерменге қандай туындыларды ұсынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Желтоқсан айында «Астана опера» камералық залында көрермендерге мерекелік концерт бағдарламалары, ересектер мен балаларға арналған қойылымдар, отандық және шетелдік композиторлардың туындылары ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1 желтоқсан, Тұңғыш Президент күні, сағат 15.00-де «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы!» мерекелік концертінде Қазақстан халықтарының әндері, классик композиторлардың туындылары мен Елбасының сүйікті әндері шырқалады. Бұл күні «Астана операның» жетекші солистері, қазақстандық опера өнерінің жұлдыздары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова (сопрано), Дина Хамзина (меццо-сопрано), Жанат Шыбықбаев (баритон), театр солистері Галина Чеплакова (сопрано), Рамзат Балакишиев (тенор), сонымен қатар аспапшылар Данияр Кадралинов (виолончель), Елена Сахно (фортепиано) тыңдарман қауымға өз өнерлерін паш етпек. Жүргізуші – Сәуле Мәулетова.

11 желтоқсан сағат 19.00-де ұлы неміс классигі Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналған музыкалық кеш «FORTE-TRIO шақырады» топтамасының концерттер сериясын жалғастырады. Қазақстан Республикасының «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосының құрамында музыканттар – халықаралық байқаулардың лауреаттары Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель), ұжымның көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано) бар. Бағдарламаға Л. ван Бетховеннің Фортепианоға арналған №4 трио, си-бемоль мажор, op.11, Виолончель мен фортепианоға арналған №3 соната, ля мажор, op.69, Скрипка мен фортепианоға арналған №8 соната, соль мажор, op.30 енген.

15 желтоқсан сағат 12.00-де қазақстандық сазгер Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі сахналанады. Жас көрермендерге сиқырлы Самұрық құсын іздеп, жолға шыққан Айдар мен Айжанның бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Ертегінің ержүрек кейіпкерлері мен олардың адал достарын ғажайып «Мәңгілік елі» күтеді.

Көрермендерге ертегі қаһармандарын «Астана Опера» солистері таныстырады: Әже – Гүлжанат Сапақова, Қасқыр – Бақтияр Омаров, Түлкі – Әсем Сембина, Аю – Шыңғыс Расылхан, Барыс – Рамзат Балакишиев, Көктем – Назым Сағынтай, Самұрық құс – Мәдина Исламова. Жас кейіпкерлер Айдар мен Айжанның бейнесінде сахна төріне театрдың балалар студиясының әртістері Бақтияр Қанат пен Әсел Қалдыбаева шығады. Қоюшы режиссер – Еренбақ Тойкенов.

16 желтоқсан күні сағат 17.00-де Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған «Елім менің аңсаған...» мерекелік концерті өтеді. Жастар жылының соңында «Астана опера» камералық залының сахнасына жақында ғана көрнекті байқаулардың лауреаты атанып, халықаралық шығармашылық жобаларға жетістікпен қатысқан жас музыканттар шықпақ. Музыкалық классиканың жарқын шығармалары халықаралық байқаулардың лауреаттары: Әсем Сембина, Назым Сағынтай, Наргиз Сатмұхамбетова (сопрано), Дариға Мұсаева (меццо-сопрано), Батыржан Смақов (контртенор), Рамзат Балакишиев, Ақылбек Табынбаев, Алмат Ізбамбетов, Бекзат Тұрғанбек (тенорлар), Азат Мәлік (баритон), Жандос Мұхамедидің (скрипка) орындауында шырқалмақ. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескембирова, жүргізушілер – Сәуле Мәулетова мен Думан Бекбергенов. Кең ауқымды бағдарламада қазақстандық және шетелдік композиторлардың камералық шығармалары, отандық авторлардың әндері, танымал классикалық ариялар мен дуэттер ұсынылады.

21 желтоқсан сағат 17.00-де Жастар жылы аясында тыңдарман қауым назарына жас дарындарды қолдау мен дамытуға бағытталған «Скрипкадан төгілген махаббат әуендері» концерті ұсынылмақ. «Жастар – ел тірегі» топтамасында өз шығармашылығымен ел мәдениетін шетелде танытып жүрген көрнекті қазақстандық музыканттар өнер көрсетуде. Осы кеште «Астана опера» камералық залы сахнасына Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Жібек Мұсырғалиева мен Индира Нұрлыбай (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Раиса Мұсақожаеваның сыныбы) шығады. Фортепиано партиясында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сара Асабаева. Өнерсүйер қауым назарына ұлттық әрі шетелдік классиктер – Ғ.Жұбанова, Е.Рахмадиев, С.Рахманинов, С.Прокофьев, Д.Шостакович, И.Флейшер, Э.Шоссон, М.Равель, Э.Изаи, Ф.Крейслер және т.б. шығармалары ұсынылады.

24 желтоқсан сағат 19.00-де «PICCOLO» камералық театры жобасы аясында Джоаккино Россинидің «Жібек саты» бір бөлімді фарс-операсы ұсынылады. Джулия партиясында «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова дебют жасайды, Дорвиль – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Джермано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожин, Бланзак – Ержан Саипов, Лючилла – Татьяна Вицинская, Дормонт – Рамзат Балакишиев, «Астана Опера» Камералық оркестрі, клавесин партиясында – Елена Сахно, Жанар Ахметова.

П.Гавоның аттас операсы үшін жазылған Ф.Планардың либреттосы негізіндегі либретто авторы – Дж.Фоппа (1808). Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссер – Алла Симонишвили, сценограф әрі костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа.

25 желтоқсан сағат 19.00-де «Астана опера» Мәрмәр залында рождествоға орай концерт өтеді, театрдың солистері, хоры мен симфониялық оркестрі Г.Ф.Гендельдің әйгілі «Мессия» ораториясын орындайды. Рождестволық керемет туынды алғаш рет театрдың кіші Мәрмәр залында шырқалады.

Ежелгі дәстүрге сәйкес, ғасырлар бойы барокко дәуіріндегі ұлы композитордың туындысы рождество мерекесінде жүректерді біріктіре отырып, күллі әлемде орындалады. Тіпті біздің ХХ ғасырда да осы ғажайып музыка сол қалпында шырқалып, адамдарды рухани тазалыққа, ең жоғарғы мұраттарға шақырады.

Сопрано – Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Альт – Салтанат Мұратбекова, Тенор – Рамзат Балакишиев (дебют), Бас – Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Соңғы жаңалықтар