Желіде IPO туралы фейк ақпарат тарауда

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы «Халықтық IPO» бағдарламасының қатысушыларына күніне 50 мың теңгеден және одан да көп мөлшерде төлем жасалатындығы туралы ақпарат тарады. Бұл алаяқтардың ісі. Бұл туралы ҚазАқпарат stopfake.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы 2021 жылдың қаңтарында «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртуды тапсырғаны рас. Бұл тапсырманы «Самұрық-Қазына» қоры орындайды. Алайда оның бұл жарнамаға қатысы жоқ. Хабарландыру «Lost Dog Street Band» деп аталатын белгісіз аккаунттан тараған.

Соңғы уақытта осындай мазмұндағы алаяқтық хабарламалар мен хабарландырулар жиілеп кеткеніне назар аударамыз. Еске сала кетейік, бағдарлама туралы барлық ресми ақпаратты «Самұрық-Қазына» ресми ресурстарынан алуға болады.

«Самұрық-Қазына» қоры өзінің ресми Telegram-каналында адамдарды тарту үшін «Халықтық IPO» атауын пайдаланатын алаяқтардан қалай қорғану керектігі туралы ескертті.

– IPO-ға кәсіби қатысушыларда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен алған лицензия болатынына тағы да назарларыңызды аударамыз. Мұны Агенттіктің ресми сайтында тексеруге болады. Сондай-ақ биржа мүшелері лицензиат болып табылады, мұны биржа сайтында «Биржа мүшелері» бөлімінде тексеруге болады. Сондай-ақ біз және басқа агенттіктер шын лицензиаттың кім екендігі туралы тарататын әртүрлі видеоларды қарауыңыз керек. IPO орналастырудың өзіне келетін болсақ, бұрын хабарланғандай, акцияларды брокерлер арқылы сатып алуға болады, ол үшін Сіз олардың клиенті болуыңыз керек, олар сізге шот ашады немесе AIX «Табыс» қосымшасы арқылы жұмыс істейді», – делінген каналдағы жарияланымда.

«Халықтық IPO» бағдарламасының жұмысы туралы толық ақпаратты «Самұрық-Қазына» қорының ресми YouTube-аккаунтында жарияланған видеодан да алуға болады.
Сондай-ақ бүгінгі таңда бағдарлама өз жұмысын әлі бастамағанын атап өткеніміз жөн.

Демек, Қазнетте таралған жарнама фейк болып табылады. Оны алаяқтар ойлап тауып, таратқан.


Соңғы жаңалықтар