Желіде Димаштың Чехия мен Германиядағы концерттеріне билеттер сатылымы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемге танымал қазақстандық орындаушы Димаш Құдайберген келесі жылдың көктемінде еуропалық жанкүйерлерін қуантпақ. Arnau tour ENVOY аясында Димаштың шоуы 2020 жылдың наурызында Германия мен Чехияда өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Гамбургте, Дюссельдорфте, Штутгартте және Прагада болатын концерттеріне билеттерді мына жерден онлайн алуға болады.

Чехияда өтетін жалғыз концерт 25 наурызда болады. Димаш Германияның Гамбург қаласында 19 наурызда, Дюссельдорфте 21 наурызда өнер көрсетеді, ал шоу Штутгартте 29 наурызға жоспарланған. Билеттердің бағасы - 35-тен 349 еуроға дейін.

Ұйымдастырушылар Димаш Құдайбергеннің әлемдік аренадағы «ғажайып» пен «өзіндік ерекше құбылыс» екенін айтуда. Оның досы және ұстазы Игорь Крутой «болашақта әлем Димаштың аяғында болатынына» сенімді.

Қазақстаннан шыққан талантты әнші, музыкант және сазгердің шығармашылығы әлемдегі миллиондаған адамдарды шабыттандырады! 2020 жылдың наурызында Еуропа жұртшылығына Арнау шоуының керемет бағдарламасынан ләззат алуға мүмкіндік туады.

Бұған дейін хабарлағандай, Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Arnau tour ENVOY шоуына Barclays Center орталығында 20 мыңға жуық адам жиналған болатын. Шоудың негізгі тақырыбы Ғарыш және Әлемнің шексіздігі болды. Айта кету керек, концерт барысында әнші қазақ, ағылшын, орыс, қытай, француз және итальян тілдеріндегі әндерді орындап жанкүйерлерін қуантты.

Фото: vk.com/dimashdearseurasianfanclub

Соңғы жаңалықтар