Жекпе-жектен кейін Қанат Исламның қолы ісіп кеткен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жекпе-жектен кейін қолғабын шешкенде Қанат Исламның екі қолы ісіп кеткен. Бұл туралы боксшының ақпараттық көмекшісі, блогер Берік Сұлтан жазды.

«Шүкір, Қанат Исламның жекпе-жегі жоғары деңгейінде өтті. Қанат таза жеңді, мұны боксты түсінетіндердің барлығы біледі. Бірінші раундтан бастап соңғы раундқа дейін бірінші болып бокстасты. Иә, Қанаттан нокаут күттік. Қобалжыдық. Уайымдадық. Сіздер көрмеген, бірнәрсе айтайын. Жекпе-жек біте салып, "раздевалкаға" кеттік. Бинтті шешті. Екі қолы ісіп кеткен. Екінші раундта екі жұдырығы бірден жарақат алды. Қарсыласы өте қолайсыз, әккі боксшы. Көрдіңіздер, небір қуылықтар жасады. Соған қарамастан, Қанат 12 раунд бойы бірінші болып жұдырық жұмсап, бұрыштан бұрышқа қуып жүріп сабады. Бұл ерлік, қазақтың намысы. Қазақтың Қанатының жеңісіне әр қазақ қуанды», дейді ол.

Сонымен бірге ол шетелдіктердің қазақстандықтардың жанкүйерлігіне ерекше риза болғанын айтады.

«Аренада боксты 15 мыңнан астам адам тамашалады. Ине шаншар орын болған жоқ. АҚШ-тан келген продюсерлер, бокс ұйымдастырудың бас-қасында жүрген мамандар қазақтарға дән риза болды. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып қатты қызығып кетті. Негізі мұндай деңгейде болады деп күтпеген екен. 2 ай жүгірген еңбек ақталды. Кәсіби деңгейде(келген адамдардың барлығы осылай айтты) 2 баспасөз маслихаты және ашық жаттығуы өткіздік. Салмақ өлшеу рәсімінің қандай қызық болғанын білесіздер. Бұйыртса әлі талай мықты дүниелер жасалады. Қазақтың бағына туған Қанат Ислам біз үшін тек боксшы емес, ұлттың қамын жейтін жастардың келешегіне алаңдайтын жаны да қаны да қазақ нағыз патриот азамат. Неге халық Қанатты жақсы көреді? Себебі Қанат халқын сүйеді. Әр қазаққа жаны ашиды. Әр қызды қарындасым, әр ұлды ағам інім деп қарайды. Қазақтың Қанаты талмасын, Алла қуат берсін. Көзден, тілден сақтасын!», -деп жазады блогер жеке парақшасында.

Соңғы жаңалықтар