2015 жылғы 20 ақпан 13:28

Жекешелендірудің екінші толқыны: Ең қымбат нысан анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда былтыр жарияланған жекешелендірудің екінші толқыны қорытындыланды. 2014 жылғы шілдеден 31 желтоқсанға дейін жалғасқан акция барысында ең қымбат бағаға сатылған нысан анықталды. «Қазақстан Темір жолы» АҚ еншілес компаниясы «Темір жол Энерго» ЖШС 5,9 млрд теңгеге сатылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен жиын барысында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Мемлекеттік меншікті сату басқармасының басшысы Дәулетбай Шағыров айтты.

Оның айтуынша, жекешелендіру науқаны 93 пайызға орындалған. Яғни, жоспарланған 287 нысанның 267-сі саудаға шығарылды, 145-і сатылды, 20-сы саудаға қойылмады.

Сатылымнан 27,3 млрд теңге түсті, оның ішінде республикалық бюджетке 336 млн теңге, облыстық бюджетке - 691 млн теңге,

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ холдингіне - 23,5 млрд теңге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға - 2,7 млрд теңге көлемінде түсім түсті.
«2014 жылдың шілдесінен бастап желтоқсанына дейінгі аралықта сатылған нысандардың ішінде ең қымбаты «Темір жол Энерго» ЖШС 5,9 млрд теңгеге сатылды. Ең көп баға өсімі болған ШҚО-дағы «Ритуал Сервис» ЖШС, бағасы 25 рет көтерілді. Астаналық «Елорда жарнама» коммуналдық кәсіпорын сатылымға 7 рет шығарылды», - деді Дәулетбай Шағыров.

Оның айтуынша, акция қорытындысы бойынша 76 жеке тұлға, 67 заңды тұлға, 2 жеке кәсіпкер нысандардың жаңа қожайыны атанды.
Қазіргі таңда ҚР Қаржы министрлігімен жекешелендірілетін нысандардың тізімі шығарылған. Олардың ішінде басым үлесті (17 пайыз, 145 нысан) мәдениет және спорт нысандары алып отыр. Білім және ғылым беру нысандары - 82 нысан (10 пайыз), БАҚ - 62 нысан (8 пайыз), ауылшаруашылығы нысандары 56 нысан, (6 пайыз), абаттандыру нысандары - 100 нысан (12 пайыз).

Жекешелендіру акциясында ең белсенді үлес алған Жамбыл және Ақтөбе облыстары. Ал Павлодар облысында бір де бір нысан сатылмады.

Қазір сатылымда өткен жылғы тізімнен 122 нысан тұр. Сондай-ақ, биыл 232 нысанды жекешелендіру жоспарда бар.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT