Жекешелендіру мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартады -Әлихан Смайылов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту – экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан, жекешелендіру мәселесі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ерекше бақылауында болуы тиіс. Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьердің айтуынша, сатуға қойылған әрбір нысан бойынша жол картасы әзірленді. Олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған. Енді активтерді бәсекелес нарыққа жоспарлы түрде шығаруды қамтамасыз ету қажет.

«Нысандарды сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет. Өкінішке орай, кейбір өңірлер жоспарды орындай алмай отыр.

Бұл – Маңғыстау және Ақтөбе облыстары. Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға беріледі», - дейді Ә. Смайылов.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар