Жекенге еріп, қазақ малшыларының көші-қонымен танысайық - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Анкарадағы қазақ ғалымына «Алаш» сыйлығы берілді - TRT

Анкарадағы Қажы Байрам Вели университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғали Ерджиласун «Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлы» медалімен марапатталды, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымының дерегінше, «Qyr balasy» қоғамдық қоры Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты Ғылыми кеңесінің шешімімен тағайындалған марапат түрік елінде қазақ тарихын зерттеп, насихаттап жүрген қазақ қызына табыс етілді.

Айта кетейік, Түрік елінің елордасында ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын Гүлжанат Құрманғали өзінің Түркияда жарық көрген «Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихнамасы: мифтер мен шындық» атты кітабында ұлы Алаш қайраткерінің шығармасына орын берген.

Атап айтатын болсақ, ол қазақтың алғашқы Конституциясының авторы Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» деп аталатын 4 бөлім, 28 баптан тұратын еуропалық стильдегі құқықтық-саяси маңызы зор заң жобасын түрік тіліне аударған.

Гүлжанат Ерджиласун ғылыми еңбегінде оны талдап, университеттердегі дәрістерінде оқытып, жас ұрпаққа насихаттау арқылы Алаш идеясының Түркияда таныстырылуына орасан зор үлес қосып келеді.

«1914 жылы ауыр науқастан қайтыс болып, Алаш автономиясының жарияланғанын көре алмай кеткен Сырттанұлы - тіл жанашыры, ағартушы, публицист, түркітанушы, шығыстанушы. Алаш қайраткері заңгер ретінде тарихта қалған маңызды еңбегі - Қазақ елінің алғашқы конституциясын 1911 жылы Петерборг қаласында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен бүркеншік атпен жазып шыққан», - деп түйіндейді TRT.

Қазақ-Өзбек шекаралық кеден бекеттерінің өткізу қабілеті артады - «ӨзА»

Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігінде жарияланды.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстан мен Қазақстан шекаралық кеден бекеттерінің өткізу қабілетін арттыруға келісті. 26 ​​мамырда Өзбекстан мен Қазақстанның кеден қызметтері арасында бейнеконференция түрінде кездесу өткен. Жиынға екі елдің кеден қызметінің салалық және аумақтық департаменттерінің, сондай-ақ шекаралық кеден бекеттерінің басшылары қатысты.

Онда кеден бекеттерінің әлеуетін арттырудың өзекті мәселелері және алдағы бірлескен міндеттер, кеден бекеттерін реконструкциялау және жаңғырту, өзбек-қазақ шекарасы арқылы өтетін жүргізушілер мен азаматтарға қолайлы жағдай жасау қарастырылды.

«Бүгінде өзбек-қазақ шекарасында 10 кеден бекеті мен 2 кедендік бақылау бекеті жұмыс істеп, күніне орта есеппен 2700 көлік пен 7200 жолаушы өтеді», - деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Моңғолия қазақтарының халық өнерпаздары арасында байқау өтеді - Kaznews

Апта соңында Kaznews порталында осындай мазмұндағы ақпарат жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, байқаудың мақсаты - ел арасында ұмытылып бара жатқан халық ән, күйлерін қайта жаңғыртып, көпшіліктің назарына ұсыну. Сондай-ақ ел ішіндегі дарынды азаматтарды анықтап, насихаттау.

Байқау ел арасындағы дарынды өнерпаздарды іздеу, анықтау, насихаттауға бағытталғандықтан, аймақтық музыкалық драма театры, аудандардың мәдениет орталықтарында жұмыс істейтін кәсіби әншілер мен күйшілер қатыса алмайды. Байқауға тек кәмелет жасына толған қарапайым азаматтар қатысады.

Байқаудың шарттары халық және дәстүрлі ән аталымын негіз еткен. Бұл аталымға азаматтар Моңғолия қазақтарының халық және дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп орындау талап етіледі.

Ал күй аталымы бойыншада Моңғолия қазақтарының күйлері мен әуендерін домбыра, қобыз, сыбызғы, сырнай, т.б. ұлт аспаптарының сүйемелдеуімен орындауы керек.

«Жыршы» деп аталатын үшінші аталымында да Моңғолия қазақтарының батырлық, тарихи, ғашықтық жырларын мақаммен орындау талап етіледі екен.

Аталған байқаудың төртінші шарты - таңдалып алынған туынды халық арасында көмескіленіп, ұмыт болып бара жатқан ән, күй, жыр болуы керек.

Айта кетейік, халық өнерпаздары байқауының жеңімпаздары 1 шілде күні анықталады.

Жекенге еріп қазақ малшыларының көші-қонымен танысайық – «Халық газеті»

Қазіргі уақытта заман талабына сай Қытайдағы қазақ бақташылары бұрынғыдай түйемен көшіп-қонып жүретін көшпелі дәстүрді артқа тастағаны белгілі. Дегенмен, осы күнге дейін қазақтың көші-қон мәдениетінің мұрагері ретінде түйемен көшуді жалғастырып жүрген қандастарымыз да бар. Солардың бірі - Жекен Расбайұлы. «Халық газеті» ақпараттық порталында Жекеннің көші-қоны туралы видео ақпарат жарияланған екен. Қытайлық қандасымыз бұл видео ақпаратта қазақтың киіз үйді жығу, түйеге жүкті арту ережелерін қысқаша таныстырған. Сондай-ақ, Ж. Расбайұлы ұлтымыздың дәстүрлі көші-қон дәстүрі заман ағымынан қалып қоймай, жалғаса берсе деген арманы бар екенін айтады.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, көші-қон Шыңжаңдағы қазақ малшылары үшін күнделікті тұрмыстың бір бөлігі еді. Қазіргі уақытта қазақ малшыларының сол көшіп-қону әдет-ғұрыптары автономиялық өлке деңгейіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.



«Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Көкағаш елді мекенінде тұратын Жекен Расбайұлы өмірінің көп бөлігін отбасымен бірге қыс қыстау, жаз жайлауда өткізген, қазақтың көші-қон мәдениетінің мұрагері. Бүгін Жәкен Расбайұлы отбасы мен төрт түлігін, жайлаудан күзеуге қарай көшіреді. Қазіргі таңда көптеген малшылар көші-қон үшін моторлы көлік пайдалана бастаса да, Жекен осы бір дәстүрлі көшіп-қону мәдениетін қорғау қажет деп санайды», - деп жазады Қытайдың «Халық газеті».

Иран мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастар кеңеймек – Parstoday

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

Иранның Өнеркәсіп, кен және сауда министрі Сейед Реза Фатеми Амин дүйсенбі күні Қазақстанның Сауда және интеграция министрі әрі Премьер-министрінің орынбасары Бақыт Сұлтанов кездесуінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық алмасуларды дамытудың жол картасын әзірлеу қажеттігі айтылды.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Бақыт Сұлтанов Иранның логистикалық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы Транскаспий дәлізін нығайтуды көздейтінін мәлімдеген.

Айта кетейік, Каспий теңізіндегі көршілес Иран мен Қазақстан құрлықтағы шекарасы болмағанымен, екі елдің де экономика мен сауданың, энергетиканың, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының және басқа да салаларда жоғары мүмкіндіктері мен әлеуеті бар. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі соңғы онжылдықтарда екіжақты қарым-қатынастарды кеңейтуге үнемі мән беріп келеді.

«Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет, мұнай мен газ өндіру мен экспорттаудан басқа, минералды экспорт сияқты басқа салаларда да жоғары орынға ие. Иран да Орталық Азияның осы ұлы елімен қарым-қатынасына ерекше мән беріп, оны мүмкіндігінше кеңейту қажеттігін үнемі қуаттап келеді. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды оқиғаларының бірі өткен жылдардағы қазақстандық мұнайды Иранмен айырбастау болды. Бақыт Сұлтановтың Теһранға сапары және Иранның жоғары лауазымды тұлғаларымен, соның ішінде Вице-президент Мохаммад Мохбермен кездесуі қарым-қатынастарды одан әрі дамыта алады», - деп жазады Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.


Соңғы жаңалықтар