Жекеменшіктегі медицинаны дамыту үшін санитарлық және құрылыс нормалары қайта қаралуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Жекеменшіктегі медицинаны дамыту үшін санитарлық және құрылыс нормалары қайта қаралып жатар. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Субъектілер жұмысына лауазымды тұлғалар тарапынан тексерулерді азайту үшін тиісті жағдай жасау жолымен бизнеске қысымды төмендету шаралары қабылданып жатыр. Барлық жұмыстар медициналық көмек көрсету жүйесінде мемлекеттік емес сектор үлесінің артуына алып келуі қажет»,-деді Ақтаева.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде денсаулық сақтау саласында қайта реттеу рәсімі жүріп жатыр және Денсаулық сақтау министрлігінің бақылау-тексеру қызметтері қайта қаралуда.

Өздігінен реттеуді дамыту үшін жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізілуде, сонымен қатар тіркеу, білімді бағалау, клиникалық хаттамаларды әзірлеуге қатысты мемлекеттік қызметтер айқындалуда. Қайта реттеу аясында бизнесті жүргізу үшін ахуалды жақсарту мақсатында әкімшілік кедергілерді жою мәселесі қаралуда. Осы орайда бизнестің медициналық қызметтерді көрсетуге белсенді қатысуын ынталандыру тетіктері пысықталып жатыр. Бұл ретте санитарлық ережелер қайта қарастырылуда, ал «Атамекен» ҰКП алаңында құрылыс нормаларын жетілдіру жұмыстары атқарылуда.

Вице-министр Қазақстан жекеменшіктегі медицинаның дамуы туралы кейбір мәліметтерді жария етті.

Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінде 2016 жылы жекеменшіктегі медицинаның үлесі 29,63 пайызды құрап, бұл жоспарлы деңгейден жоғары болды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында 16 жоба бойынша шарттар бекітілді, сондай-ақ жоспарлау мен дайындық кезеңінде осындай 87 жоба қамтылған.

Белгілі болғандай, 2016 жылы жеке аурухана ұйымдарының саны 2015 жылмен салыстырғанда 6,22 пайызға артты. Өткен жылы жекеменшіктегі амбулаториялық-емханалық ұйымдар 558-ге жетті. 2014 жылы жекеменшік секторда жұмыс істейтін дәрігерлер 17,7 пайыз болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 22,7 пайызды құрады.

Соңғы жаңалықтар