Жекеменшік клиникаға қаралушының барлығына тең дәрежеде қызмет көрсетілуі тиіс - Ажар Ғиният

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кейбір жекеменшік клиникалардың науқастарға қатысты қарым-қатынасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер министрден жекеменшік клиникалардың әрекеттері жайында сұрады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша медициналық көмек алуға баратындар мамандарға бір апта бұрын жазылып, өзінің кезегін күтуі керек. Ал, бекітілген пациенттер, яғни ірі ұлттық компанияларда жұмыс істейтіндер дәрігердің қабылдауына кез келген уақытта бара алады. Бұл әрекеттер қаншалықты заңды?» - деп сұрады тілшілер.

Өз кезегінде А. Ғиният көтеріліп отырған осы мәселені қарастыру керек екенін айтты.

«Шынымен де, бұл мәселені дұрыс көтеріп отырсыздар. Сіздерге де аталған компаниялардың өкілдеріне сияқты тең дәрежеде қызмет көрсетілуі тиіс. Себебі, сіздер үшін де сақтандыру жарнасы төленіп жатыр. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігіне ресми шағым түсіріңіздер. Осы орайда, біз аталған жайттарды мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде ескеретін боламыз», - деді министр.

Айта кетейік, МӘМС арқылы көптеген қымбат деген медициналық қызметтерді тегін алуға болады.


Соңғы жаңалықтар