Жекеменшік балабақшалардың 80% мемлекеттік аттестациядан өте алмады - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 10 жылда жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99%-ға дейін қамтылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жазды.

«Он жылдан астам уақыт бұрын балабақшалар санының жылдам өсуін ынталандыру үшін лицензиялаудан, кейін мемлекеттік бақылаудан, мониторингтен және олардың қызметін реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Ол қандай нәтиже берді? Жекеменшік балабақшалар саны күрт артып, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар бірден 99%-ға дейін қамтылды. Бұл - жақсы нәтиже. Алайда балабақшалар санын көбейтуге мүмкіндік болса да, сапа мәселесі өзекті болып қала береді. Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті. Екі жыл бұрын біз лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасадық. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80%-ы мемлекеттік аттестациядан өте алмады. Әңгіме балабақшадағы бүлдіршіндерге қолайлы жағдай жасалмауы, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына, қауіпсіздік техникасы, өрт және санитарлық нормалардың талаптарға сәйкес келмеуі, тәрбиешілердің қол көтеруі және басқа да келеңсіз фактілер туралы болып отыр», - деді Білім министрі.

Сонымен қатар министр балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейту бойынша пилоттық жоба басталғаны туралы айтты.



Соңғы жаңалықтар