Жекелеген тауар бағасы көтерілгенде шекті бағаларды әкімшілік бекіту құралы қолданылады - Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жекелеген тауар бағасы көтерілгенде шекті бағаларды әкімшілік бекіту құралы қолданылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Кәсіпкерлік кодексінде азық-түлік тауарларына шекті бағаларды қолдану құралдары көзделген.

«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, шекті бағалар тетігі қайта қаралды. Бұл бағаның одан әрі өсу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді. Жекелеген тауарлар бойынша бағалар айтарлықтай өскен жағдайда, монополияға қарсы орган белгіленген тәртіппен шекті бағаларды әкімшілік бекіту құралы уақтылы қолданылатын болады»,- деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар министр Сауда комитетінің қызметін функционалдық күшейтуге байланысты шұғыл заңнамалық бастамалар дайындалатындығын атап өтті.

«Бұдан басқа, маусымаралық және пандемия кезеңіндегі бағаның себепсіз өсуіне байланысты өткен жылдардың тәжірибесін ескеретін басқа да мәселелер пысықталуда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар