Жеке тұрғын үй құрылысына ұсынылған жерлерді жалпы түгендеу басталды

None
None
АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі «Жер ресурстарын тиімді басқарудың  негізгі мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өткізді. Бұл жайында аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңесте агенттік төрағасы Қадырхан Отаров, Алматы қаласы әкімнің орынбасары Виктор Долженков, агенттіктің Жауапты хатшысы Гүлжахан Бимендина, ҚР Ұлттық ғылыми академиясының  академигі  Зайролла Дүйсенбеков, сонымен қатар аумақтық жер инспекциясының өкілдері қатысты.

Жиын барысында жер ресурстарын тиімді басқарудың ұстанымдары,  жалпы қолданылатын жерлер мен қала маңындағы аймақтарда жеке тұрғын үй құрылысына  ұсынылған жерлерді  түгендеу шаралары талқыланды. Сонымен қатар, онда жер қатынастары саласындағы  жергілікті атқарушы органдар мен  уәкілетті органдар  құзыреті мен  жер заңнамасын жетілдіру  мәселелеріне ерекше  көңіл бөлінді.

Агенттік инвестициялық ілкі ұсыныс ретінде  жерлердің мониторингі  бойынша  шараларды  жақсарту мақсатында қашықтықтан зерделеу мәліметтерін қолданып, Алматы жер мониторингін  енгізу  жобасын  даярлауда. Сондай-ақ елде  жеке тұрғын үй құрылысына  ұсынылған жерлерді   жалпы түгендеу  басталды.

Агенттікпен   түгендеуді  тиімді жүргізу және  жұмысты қадағалау  мақсатында 6 тармақтан тұратын  арнайы ұсыныс  даярланды. Жалпы алғанда  республикада аталған  жұмысты аяқтау  2012 жылдың 1 маусымына  белгіленген. Семинардың қорытындысы бойынша жер қатынастары  саласында мемлекеттік органдар жұмыстарының  сапасын  бұдан әрі арттыру және  жақсарту мақсатында ұсыныстар  қабылданды.

Осындай  семинарлар Ақмола, Қарағанды,  Алматы,  Қостанай, Қызылорда,  Ақтөбе,  Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өткізілмек.

Соңғы жаңалықтар