Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасындағы талаптар тым қатал емес пе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдаудың Қазақстанда өзекті болып тұруы халықтың тұрмыс жағдайы нашар дегенді білдіре ме? Әлде банктерге шектен тыс өкілет берілгеннен кейін солай болып отыр ма? Банкрот деп танылған азаматтың төленбей қалған несиесі бюджет есебінен төленуі керек пе, әлде банктің өз тәуекелі болып есептеле ме? Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов осы сауалдар төңірегіндегі ойын айтты.

«Біріншіден, дамыған елдердің көбінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң бар. Бұл бізге керек. Баяғыдан бері айтып келеміз. Бірақ соны іске асыру енді ғана мүмкін бола бастады», - деді қаржы сарапшысы.

Сарапшының пайымынша, мәселе халықтың несиені шектен тыс көп алғанында емес, табысының аздығында.

«Банктер тықпалағаннан кейін халық несиеге кіріп жатыр деуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, көп адамның лайықты өмір сүру үшін несие алудан басқа амалы жоқ. Табыстың төмендігінен халықтың мойнында проблемалы кредиттің көлемі өскен. Қазіргі жүйе коллекторлық қызметке көп өкілет беріп қойған. Бұл ішкі саяси, әлеуметтік ширығыс туындатады», - деді Расул Рысмамбаетов.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануы екінші деңгейлі банктердің жағдайына қалай әсер етеді? Сарапшы бұл туралы да пікір білдірді.

«Бұл заң екінші деңгейлі банктердің жағдайын нашарлатпайды. Керісінше, олардың дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп ойлаймын. Осы арқылы олар клиенттерді оңалтуға мүмкіндік алады. Мысалы, мен 2009-2010 жылдардан бері банкке қарызын қайтара алмай, бүкіл шоттары бұғатталып жатқан адамдарды білемін. Олар әлі күнге дейін кредит алып, іс бастай алмай жүр. Сондықтан бұл екінші деңгейлі банктердің жағдайын жақсартады», - дейді спикер.

Сарапшының пайымынша, бұл заңды барынша жылдамдатып енгізу керек.

«Өйткені адамда қайтарылмаған борышы неғұрлым көп болса, соғұрлым көлеңкелі экономикаға кетуге бейім тұрады. Өйткені заңды жолмен тапса да, өз атында ақша ұстай алмай, жақындарының атына рәсімдеп жүреді. Заң жобасын қарап шықтым. Халықаралық тәжірибеден алған тұстары да бар. Заң өте жұмсақ деп айтуға келмейді. Банкрот деп танылған жеке тұлғаның 3 жыл бойы шетелге шығуға, 5 жыл бойы кредит алуға құқығы болмайтыны жазылған. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Қазір бірнеше мазмұндағы жоба талқыланып жатыр. Соның қайсысы қабылданса да, күшіне енгеннен кейін бір жылдан соң түзетулер енгізе бастау керек болатын шығар. Өйткені бірінші рет енгізіп жатқандықтан, шикі тұстары болады», - деді экономист.

Оның айтуына қарағанда, заңнаманы іс барысында түзетіп отыру – қалыпты жағдай.

«Ең бастысы арнайы комиссия болуы керек. Қаржыгерлер қауымдастығы сияқты ұйым арқылы заңның қолданысына байланысты шағымдар жиналып, таразыланып отыруы қажет. Қаржылық мониторинг агенттігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, шұғыл желі ашса да болады», - деді ол.

Сарапшының пайымынша, бұл заң өте қажет.

«Аталған заңның несиесін уақтылы төлеп жүргендерге ешқандай әсері болмайды. Өйткені жеке тұлғаның банкрот деп танылуы – айтарлықтай ауыр процедура. Банкрот болу - ешкімге ұнай қоятын дүние емес. Солай болуы да керек. Ендігі жерде банкроттықты рәсімдеу процесін барынша цифрлық платформаға бейімдеп, электронды цифрлық қолтаңба арқылы өтініш бере алатындай ету керек», - деп түйінледі Расул Рысмамбаетов.

Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов банкроттық рәсімдеген азаматтарға қандай шектеулер қойылатынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар