Жеке тұлғалардың 21,1 млрд салық берешегі бар - Қаржы министрі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 1 млн 387 мың жеке тұлғаның 21,1 млрд теңге салық берешегі бар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жүргізу жөніндегі Жол картасын әзірледі. 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 млн 387 мың жеке тұлғаның 21,1 млрд теңге көлік құралдарына салынатын салық, мүлік салығы және жер салығы бойынша берешектері бар.

«Жол картасы жеке тұлғалардың критерийлерін және салықтық рақымшылық жүргізілетін берешек сомаларын әзірлеуге, заңнамаға түзетулер әзірлеуге бағытталған бірқатар іс-шараларды, сондай-ақ салықтық рақымшылықтың өзін жүргізу жөніндегі іс-шараларды көздейді. Парламентке заңнамаға түзетулер енгізудің жоспарланған мерзімі - 2019 жылғы наурыз. Маусым айында заңды қабылдау және жыл соңына дейін рақымшылық жасауды аяқтауымыз керек», - деді министр.

Ә.Смайылов қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан шағын және орта бизнеске салықтық рақымшылық деректеріне тоқталды.

«1 ақпандағы жағдай бойынша 27 868 салық төлеуші өздерінің сомасы 5,9 млрд теңге берешектерін төледі. Осыған байланысты 1,1 млрд теңге өсімпұл және 0,1 млрд теңге айыппұл есептен шығарылады. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады», - деді ол.

Айта кетейік, өткен жылы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, онда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистияны өткізуді тапсырған болатын.

«Бизнес жұмысын таза парақтан бастауы үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізуге кірісуді тапсырамын», - деген еді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар