Жеке тауарларды бажсыз әкелудің құндық және салмақтық шегі өсті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тауарларды бажсыз әкелудің құндық және салмақтық жаңа ұлғайтылған шектері биылғы 1 қазанға дейін қолданылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің «Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты жекелеген мәселелер туралы» шешіміне енгізілген бұл өзгерістер бүгіннен бастап күшіне енді. Онда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әуе көлігінен ерекшеленетін көлік түрлерімен жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелудің құндық және салмақтық шектерін 500 евродан 1000 евроға дейін және

25 кг-нан 31 кг-ға дейін арттыру көзделген.

«Жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу шегін уақытша арттыру Қазақстан, Беларусь, Қырғыз республикалары мен Ресей Федерациясы үшін енгізіледі. Армения Республикасында бұл шектер бұрынғы деңгейде қалады. Егер багажда әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны 1000 евро сомасынан асатын болса және олардың салмағы 31 кг-нан асып кетсе, алушы кедендік бажды құнының 30% мөлшерінде, бірақ құндық және салмақтық нормалардан асып кету бөлігіндегі салмақ бойынша
1 кг үшін 4 евродан кем емес мөлшерде төлеуі қажет», - деп түсіндірген ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар