Жеке сот орындаушылары, нотариус және адвокаттар автоматтандырылған режимде аттестациядан өте алады

None
Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеке сот орындаушылары, нотариустар, адвокаттар, сот сарапшылары мен патенттік сенім білдірілген өкілдерді автоматтандырылған режимде аттестаттаудан өткізетін пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығында Әділет министрлігімен жеке сот орындаушылары, нотариустарды, адвокаттарды, сот сарапшыларын және патенттік сенім білдірілген өкілдерді автоматтандырылған режимде аттестаттауды өткізу жөніндегі пилоттық жоба таныстырылды.

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін реинжинирингтеу және оңтайландыру жөніндегі тапсырмасы аясында Әділет министрлігі агенттік пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп аттестаттау үдерістерін автоматтандыру жұмысын жүргізді.

Пилоттық жобаны іске қосу шарасына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев пен Әділет министрі Азамат Есқараев қатысты.

Дархан Жазықбаев бюрократияға жол бермейтін сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыру аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын айтты.

Мысал ретінде МҚІА төрағасы агенттік әзірлеген және 2023 жылғы 1 наурызда іске қосылған «адами факторға» жол бермейтін мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмін атап өтті.

Жаңа форматқа сәйкес, енді үміткерлер «Е-қызмет» порталы арқылы кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік алады.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі бес мемлекеттік органда пилоттық режимде іске асырылуда.

Агенттіктің автоматтандырылған пилоттық жобаларды енгізудегі оң тәжірибесі және қазіргі заманғы тестілеу залдарының болуы ескеріле отырып, тестілеу үшін «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталық» АҚ алаңы таңдалды.

Ұлттық орталықтың техникалық жабдықталған залдарында тестілеуді өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, адами факторды болдырмайды, сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін едәуір қысқартады және үміткерлерге ыңғайлы уақытта аттестаттаудан өтуге мүмкіндік береді.

Жаңа тәсіл бастапқы кезеңде Астана, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында сынақтан өтеді.


Соңғы жаңалықтар