Жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ азаматтар биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін әділет органдарына міндетті түрде баруы керек

None
None
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жеке куәлігінде және төлқұжатында Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ азаматтар биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін әділет органдарына немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына міндетті түрде баруы керек.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Әділет министрлігі Талдау және стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары Ерболат Ерімбет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеке куәлігінде және төлқұжатында Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ азаматтар биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін әділет органдарына немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына міндетті түрде баруы қажет. Себебі, аталған мерзімнен кейін ЖСН-і жоқ жеке куәлік пен төлқұжаттар жарамсыз болып қалады»,-деді ол.

Оның айтуынша, аталған құжаттарды ЖСН-і бекітілген құжатқа ауыстыру тегін жүргізіледі.

Атап айтқанда, ЖСН ел азаматтарының төлқұжаттарында 1997 жылдан бері басылып келеді.

Е. Ерімбеттің сөзіне қарағанда, тамыздың 13-інен бастап Салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен Әлеуметтік жеке код болмайды. Тиісті тіркеу шаралары тек қана ЖСН арқылы жүргізіледі.

«Бірақ айтар кеңесім, Салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен Әлеуметтік жеке кодын жоғалтпай сақтап қою керек. Ал негізі тамызда ЖСН әрекет ететін болады»,- деді ол.

Айта кетейік, 12 саннан тұратын ЖСН жеке куәліктің беткі жағында туған күннің мәліметтері жазылған жолақтың астында белгіленген. Ал төлқұжатта ол 32-ші бетте басылған.

«2007 жылы Заң қабылданған болатын. Содан бері 3 жылдың ішінде 15 миллионнан астам ел азаматтарына ЖСН басылған жеке куәліктер берілді. Енді қалған адамдардың құжаттарын ауыстыру керек»,-деді ол.

Сонымен бірге Е. Ерімбетов заңды тұлғалар биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін Бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) енгізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар