Жеке меншіктегі 90 млн гектар жер эрозияға ұшыраған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда жер пайдаланушылардың немқұрайлығынан 90 млн гектар аумақ эрозияға ұшырады және оның 29,3 млн гектары іске жарамсыз. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Қазіргі уақытта жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге немқұрайлығынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті жерлер 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз», - деді Е. Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп, жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендер маңындағы жем-шөп алқаптарын жақсарту шаралары жүргізілуде.

«Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері цифрландырылды, бұл республиканың 272, 5 миллион гектар аумағының 75 пайызын құрады. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толығып, халықтың жайылымға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жердің жем-шөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтиды. Бұл карта 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізуге негіз болады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Айта кетейік, Қазақстанның 15 облысында мал жаю үшін 8,9 млн гектар жер жетіспейді. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда мал санының айтарлықтай өсуіне байланысты.

Өткен жылы пайдаланылмай жатқан 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды, 2023 жылдың соңына дейін тағы 5 млн гектар жерге шара қолданылады.


Соңғы жаңалықтар