Жеке меншік мектеп салу арқылы мектептегі орын тапшылығын 90% шешуге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Егер қазір жеке меншік мектеп салуды қолға алмасақ, 2025 жылы мектептегі орын жетіспеушілігі 470 000-ға жетуі мүмкін. Бұл туралы «Орта білім саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік: жекеменшік мектептер» тақырыбында өткен онлайн конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік мектеп қалай салынады?» деген сұраққа келетін болсақ, бұл мектеп құрылысы ғана емес екенін түсінеміз. Мемлекеттік мектеп салуға жер бөліп беру, инженерлік коммуникация, күрделі және ағымдағы жөндеу мәселелері кіреді. Сонда мектеп құрылысының өзіне ғана 3-6 млрд теңге кетеді. Сонымен қатар, оны керек-жарақпен қамту үшін жылына 300 млн теңге қажет болады. Әр тоғыз жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін 600 млн теңге кетеді. Мемлекеттің бір жеке меншік мектепке бөлетін шығынын салыстырсақ, бір оқушы үшін жылына 284 000 теңге кетеді. Бұл – операциялық шығын. Ал амортизациялық шығын 266 000 теңге болады. Демек, 1200 орындық мектепті алатын болсақ, бюджеттен 3,5-4 млрд теңге үнемдеуге болады», - дейді «Қаржы орталығы» АҚ Президенті Асқар Ибраимов.

Ол мемлекеттік тапсырысты жариялаған кезде қаржылай ғана пайда болмайтынын айтты.

«Педагогтар үшін еңбек шартының жағдайы, білім беру ортасының жағдайы, сондай-ақ оқушыларға орын жетпей қалу мәселесі жақсарады. Мысалы, Шымкент - жеке меншік мектептерді дамыту бойынша көшбасшы. 2019 жылы ол жақта 22 жеке меншік мектеп ашылған. Бұл жеке меншік мектептерге мемлекеттік мектептерден 6764 оқушы ауысып барған. Сараптама жасаған кезде мемлекеттік мектептердегі оқушыларға 16 000 орын жетпеген. 2020 жылы Шымкентте кем дегенде тағы 11 жеке меншік мектеп ашылады. Ол жаққа 7690 оқушы ауысып барады. Егер бәрі жоспар бойынша болса, жеке меншік мектеп салу арқылы мектептегі орын жетіспеу мәселесін 90% шешер едік. Егер осындай қадамдар жасамасақ, 2025 жылы мектепте орын жетіспеу көрсеткіші 470 000-ға жетуі мүмкін», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар