Жеке қосалқы шаруашылықтар өнімдерін төмен бағаға сатуға мәжбүр - Павел Казанцев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жеке қосалқы шаруашылықты жүргізетін азаматтар өз өнімдерін делдалдарға төмен бағамен сатуға мәжбүр болып отыр. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Павел Казанцев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары таныстырылды.

«Заң жобалары Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді. Мемлекет басшысы Үкімет алдына жеке қосалқы шаруашылықтардың құқықтық мәртебесін айқындау, олар үшін мемлекеттік қолдаудың нақты құралдарын белгілеу, өңірлік азық-түлік хабтарын құруға тарту арқылы олардың әлеуеттін дамыту, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтары мен жайылым ресурстарына қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойды. Шынында да, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі бөлігін шағын ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтар өндіретіні құпия емес, олардың ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 75 пайызды құрайды», - деді П. Казанцев Мәжілісте заң жобаларының таныстырылымы кезінде.

Оның айтуынша, бұл ретте мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несиелеудің басым үлесі негізінен ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріледі. Жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін азаматтар үшін мемлекеттік қолдау шаралары жоқ. Көп жылдар бойы ауыл малдарын қоғамдық жайылымдарға шығару мәселесі шешілмей келеді. Бұл мәселені шешу туралы депутаттардың атына көмек сұрап жазған өтініштер тұрақты түрде түсуде.

«Сондай-ақ, көбінесе жеке қосалқы шаруашылықты жүргізетін азаматтар өз өнімдерін делдалдарға төмен бағамен сатуға мәжбүр болады, өйткені олар өз өнімдерін ұйымдасқан шаруашылықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бере алмайды. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының қаржылық жағдайына теріс әсерін тигізеді, олардың фермерлік шаруашылықтарға айналуына және жалпы өз әлеуетін ашуына мүмкіндік бермейді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселелерді шешу мақсатында тиісті заң жобаларын әзірледі.

Қазіргі уақытта заң жобалары бойынша жұмыс тобы құрылды, оған кіруге тілек білдіргендердің барлығын қостық, бірақ кез келген уақытта талқылауға арналған алаң ашық, сондықтан барлық тілек білдірушілер қатыса алады», - деді Павел Казанцев.


Соңғы жаңалықтар