«Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жайылым тапшылығын шешуге көмектеседі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жайылым, шабындық және егістік жерлердің тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жүргізілген талдау нәтижесінде министрлік жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуда жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы, жем-шөптің экономикалық қолжетімсіздігі, өсірілген өнімді әділ бағамен өткізу, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету және басқа да маңызды мәселелер шешілмегенін анықтады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы малының жартысына жуығы жеке қосалқы шаруашылықта екенін атап өткен жөн. Ауқымды биологиялық актив ешқандай технологиялық процестермен қамтылмаған, дегенмен бұл жерде өндірістің тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін қосымша табыс алуға мүмкіндік беретін үлкен әлеует бар», - делінген министрлік хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын қабылдау нақты заңнамалық негіз құру арқылы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, олардың кооперациялары арқылы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге жол ашады және тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен тиімділігін көтереді.

Сонымен бірге, өзекті проблемалардың бірі – жеке қосалқы шаруашылықтар мен олардың кооперативтерінің жер алқаптарына қажеттіліктері күннен-күнге көбейіп келеді.

Тиісінше, заң жобасында бұл мәселені ауыл әкімдерінің қарамағындағы және қоғамдық пайдалануға (мал жаю, шөп шабу) арналған жерлердің алаңдарын кеңейту, аудан әкімдерінің резервтік қорынан және босалқы жерлерден ЖҚШ кооперативтеріне жер алқаптарын бөлу, тиісті жер алқаптары мен өндірістік инфрақұрылымы бар жұмыс істеп тұрған ұйымдасқан шаруашылықтарды мүше ретінде ЖҚШ кооперативтерінің құрамына тарту арқылы шешу ұсынылмақ.

«ЖҚШ шаруашылық қызметін жүргізуді нақты регламенттеу қолайлы экологиялық жағдай жасауға, елді мекендердің өзінде ғана емес, олардың айналасындағы эпизоотиялық және санитариялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған заң жобасын қабылдау ҚР агроөнеркәсіптік кешенінің одан әрі өсуіне ықпал етеді деп есептейді», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Айта кетейік, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары қарайды.

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауының жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген.


Соңғы жаңалықтар