Жеке деректермен жұмыс істейтін ақпараттық жүйелерге қойылатын талап күшейеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілісте жеке деректермен жұмыс істейтін ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар күшейтілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.

Құжаттың толық атауы - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы.

Құжатты Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин таныстырды.

«Бұл заң жобасында үш концептуалды бағытқа негізделген нормалар бар. Олар: мемлекеттік басқаруды цифрлық тарнсформациядан өткізу, деректерді басқару жүйесін ретке келтіру және электрондық құжаттарды тең дәрежеде қолданып, аясын кеңейту», - деген минсистр бұл құжат мемлекеттік басқаруды бюрократиядан арылтыу принципіне сәйкес екенін еске салды.

«Мемлекеттік аппарат қызметінде цифрлық трансформацияға басымдық беру, бизнес-үдерістерге реинжиниринг жасау құралдарын енгізу, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның және оған ведомстволық бағынысты ұйымның мәртебесін айқындау.

Цифрлық трансформация құралдарының ең басты артықшылығы – бюрократияның себеп-салдарын, соның ішінде күрделі, түсініксіз және көлеңкелі тұстары көп процедураларды алып тастауға мүмкіндік береді.

Реинжиниринг жасау арқылы көзге көрінбейтін кедергілерді анықтап, жоюға, сондай-ақ шығындарды азайтып, кадрлық және қаржылық тұрғыда үнемді әрі тиімдірек бизнес-процестер құруға жол ашылады», - деді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, заң жобасы дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану талаптарын күшейтуді көздейді.

«Бұл үшін заң жобасында жеке деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйелерді ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері ретінде тану және оларды қорғауға қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен сервистерде осалдықтарды анықтау және жою үшін отандық жеке IT-мамандардың әлеуетін пайдалану ұсынылады», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында Айдос Сарым Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне ауысты.


Соңғы жаңалықтар