Жеке азаматтарды банкрот деп тану: Тәртібі, рәсімі қандай болмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде төлем жасауға мүмкіндігі болмай қалған жеке кәсіпкерлерді, мекемелерді, кәсіпорындарды банкрот деп тану туралы заң бар.

Борышкерді банкрот деп тану негіздері, тәртібі мен рәсімдері Азаматтық кодексте де, «Банкроттық туралы» заңда да көзделген. Алайда мұндай компаниялармен қатар жеке адамның да қаржы институттары алдындағы қарызын, несиесін өтеуге дәрменсіз болып қалатындығы анық. Мәселен, соңғы деректерге қарағанда елімізде 1 миллионнан астам адам несиелерін төлеу мерзімін бұзып, төлем қабілетінің жоқ екендігін көрсетіп отыр. Қаңтардың басында еліміздің барлық аумағында орын алған оқиғалардың түп төркіні де осында жатқаны анық. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты өткізген кеңесте «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қажеттігін көтерген болатын.

Жалпы, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы мәселесі 2014 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. 2015 жылы Парламент әзірлеген арнаулы заң біраз талқыға түскенімен, 2016 жылы Үкіметтің сүзгісінен өтпей аяқсыз қалған еді. Ал бұл жолы аталған мәселе түпкілікті шешілетін түрі бар. Президенттің пәрменінен кейін жедел іске кіріскен Қаржы министрлігі заң жобасын әзірлеп, оны 2 ақпан күні қоғамның талқысына салу үшін ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына орналастырған болатын. Жоба 23 ақпанға дейін ашық талқылауда болады. Айта кетерлігі, қоғам талқылауына ел азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы негізі заң жобасымен қатар мынадай ілеспе заң жобалары да талқылауға түсіп отыр:

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы;

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы;

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасы.

Ал бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне келген ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев жоғарыда аталған заң жобаларындағы азаматтарды банкрот деп тану рәсімдері, тәртібі және одан туындайтын салдар жайында тарқата айтып берді.

«Бүгінде азаматтардың едәуір бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлаған. Оның әр түрлі себептері бар: жұмысынан айырылу немесежұмысқа жарамсыздық, экономикалық құлдырау аясында әл-ауқат деңгейінің төмендеуі және коронавирус инфекциясына қатысты карантиндік іс-шараларды енгізу. Несие бюросының ақпаратына сәйкес, бүгінде 1 млн-нан астам азамат несилерін өтеу мерзімін бұзған», - деді ол.

Оның атап өтуінше, коммуналдық төлем, салық бойынша берешегі бар азаматтардың да қатары мол. Нақтырақ айтқанда, коммуналдық төлемдер бойынша тұрғындар 20 млрд, салық берешегі бойынга 20 млрд теңге қарыз. Сонымен қатар борыншкер мүлкінің болмауына байланысты қайтарылған 4 млрд теңге сомасына атқарушылық құжаттар бар.

Оның атап өтуінше, осыған орай Қаржы министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты рәсімнің 3 түрін енгізу ұсынып отыр.

Атап айтқанда, біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімін адам 12 ай ішінде қарызын өтей алмаса қолдануға құқылы. Бұл ретте қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы және оның қарызды өтейтін мүлкі болмауы керек. Сондай-ақ 6 ай ішінде 5 млн теңгеге жуық дейінгі қарызы өтелмеген азаматтар сотқа жүгінбей-ақ өзін банкрот деп жариялай алады. Мұны соттан тыс тәртіппен банктер мен микроқаржы ұйымдарда, коллекторлар алдында 5 жылдан астам берешегі бар тұлғалар да қолдана алады.

Екіншіден, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар немесе жоспар негізінде (5 жылға дейін) қарызды өтеудің басқа мүмкіндіктері бар тұлғалар қолдануға құқылы. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы әзірлейді және сотта бекітіледі.

Үшіншіден, сот банкроттығы рәсімі 5 млн теңгеден асатын берешек бойынша қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлігі сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса есептен шығаруға жатады. Бірақ, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайды.

«Банктрот болып танылған тқлғалардың берешектері шегерілгенімен оларға қатысты бірқатар шектеулер де болатындығын атап өткім келеді. Яғнибанкрот деп танылғаннан кейін оның салдарына да назар аудару қажет. Заң жобасында банктрот деп танылған азаматтарға 5 жыл бойы қарыздар, несиелер алуға тыйым көзделген. Сонымен қатар азамат 3 жыл бойы емделуді, жақын туыстарын емделуге ертіп жүруді немесе жерлеуге баруды қоспағанда, елден тыс жерлерге шыға алмайды», - деді бірінші вице-министр

Оның атап өтуінше, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады.

«Сондықтан азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары және ары қарай қандай көздер есебінен өмір сүре алатыны туралы ойлану қажет. Жалпы, банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға борыштық жүктемесінен құтылуға және белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, сот тәртібімен азаматтарды банкрот деп тану процедурасы 6 айға дейінгі мерзімге белгіленген. Бірақ, ерекше жағдайларда, қандай да сұрау салу немесе борышкердің бір жерде мүлкі анықталса не жаңа кредиторлар пайда болса, онда бұл мерзім ұзарып та кетуі ықтимал екендігін жасырмайды.

«Біз барынша ұзақ мерзім белгілейміз. Егер, сот шешімді ертерек қабылдаса, онда банкрот деп тану тезірек болады. Мүлік жоқ тұлғалар үшін бұл процестің тезірек орын алатындығы сөзсіз. Сондықтан өкілетті органдардан мүлкінің жоқ екендігін дәлелдеу талап етіледі», - деді ол.

Айта кетерлігі, заң жобасының бастапқы нұсқасында банкрот деп танылған тұлғаның нотариус не адвокаттық сынды қызметтермен айналысуына тыйым көзделген болатын. Бірақ, талқылаулар барысында заң жобасының азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталғаны ескеріліп, мұндай шектеулер алынып тасталған. Дегенмен, қазірдің өзінде кейбір сарапшылар мұндай шектеулердің қажет екендігін алға тартып отыр.

«Жекелеген сарапшылар тарапынан банкрот болған тұлғаларға мемлекеттік қызметпен айналысуға, қаржы мекемелерінде қандай да лауазымда қызмет етуге тыйым салуға қатысты ұсыныстар бар. Бұл мәселелер әлі талқыланады», - деді Марат Сұлтанғазиев.


Соңғы жаңалықтар