Жеке адамдардың меншігіндегі самокаттардың жылдамдығын бақылау мүмкін болмай тұр - полиция

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жеке адамдардың электр самокаттарының жылдамдығын бақылау мүмкін болмай тұр.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке компаниялар жалға беретін электр самокаттарының жылдамдығы автоматты түрде бақыланады. Ал жеке адамдар өзі сатып алған самокаттың жылдамдығын бақылау техникалық тұрғыда мүмкін емес деп айтуға болады. Өйткені қазір полицияда ондай технологиялар әзірге жоқ. Жол апаты болған жағдайда, полиция оқиға орнында арнайы сараптама жасайды. Сол арқылы самокаттың жылдамдығын анықтап, жүргізушіні жауапқа тартуға болады» - деді Қ. Сұлтанбаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

«Электрондық самокат» ұғымы енгізіліп, ол ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 25 километрден аспайтын көлік құралы деп танылады және олардың қозғалысы үшін тиісті орындар айқындалды.

Атап айтқанда, Заңмен енгізілген шарттар мен тыйымдарды сақтай отырып, жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шеті бойынша электр самокаттардың жүруіне рұқсат етіледі.

Электр самокатына тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен жүруіне рұқсат етіледі. Шағын электр көлік құралдары мен электр самокаттары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.


Соңғы жаңалықтар