Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған Түркия азаматы депортациялана ма - министр жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан Түркия азаматына қатысты іс туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген министр Түркия азаматының жедел жәрдем көлігі жүргізушісін соққыға жығуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

«Барлық мән-жай белгілі. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол аяқталысымен істі сотқа береміз. Сот шешімі бойынша қалған мәселелерді, оның ішінде елде қалуы мәселесін де шешеміз. Сот шешімін күтуіміз қажет. Ал әзірше алдын ала ештеңе айта алмаймыз», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Еске сала кетсек, Алматыда жолға таласқан азамат жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты. Сол күні Алматы полициясы 1990 жылы туған Түркия азаматы Әли Демирді, яғни Фольксваген Пассат көлігінің жүргізушісін ұстады. ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігімен іс қозғалды. 

Бірер күннен кейін Әли Демир кепілмен босатылды.

«Ол Түркия азаматы екеніне қарамастан ол Қазақстан азаматшасына үйленген. Баласы бар. Тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша тұрады. Қылмыстық тергеу орындарында оның бұған дейін қылмыс жасамағаны анықталған», - деп атап өткен еді Алматы прокуратурасынан.

Айта кетейік, қалалық ІІД-нің тергеу басқармасы түркиялық азаматты кепілмен босату туралы шешіміне қарсы шыққан болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар