Жедел жәрдем науқасқа дәрі егуге міндетті ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың xалық алдында есеп беру кездесуі кезінде астаналықтар жедел жәрдемнің жұмысына шағымданды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

"23 маусымда кешкі уақытта басым айналып, жатып қалдым. Қазақпыз ғой, бірден жау шаптырмай, басылып қалады деп жаттым. Су іштім. Болмады. Екі рет құстым. Болмағаннан кейін жедел жәрдем шақырдым. Қазір жібереміз деді. Бір сағат өтті. Жолдасым да жұмыстан келді. Тағы қоңырау шалдық. Мен өзім ауруxанаға бара алмадым. Тұрсам, басым айналады. Содан екі сағат өтті. Бірақ ол уақыттың ішінде жағдайым жақсарды. Жедел жәрдем екі жарым сағаттан кейін келді. Қан қысымын өлшеді. Дәрі-дәрмек салмайсыздар ма деп сұрадым. Қазір дәрі-дәрмекті салуға тыйым салынды деді. Сол рас па?", - деп сұрады Гүлжаһан Сәлімбаева.

Министр Елжан Біртановтың айтуынша, жедел жәрдем үшін 2,5 сағат жүру - тым көп уақыт. Сондықтан аталған оқиғаға байланысты алдымен тексеру шаралары жүргізіледі.

"Ал жедел жәрдемнің өзіне келсек, қазір біз тиісті бұйрықты шығарып, жедел көмек керсетілетін жағдайларды төрт сатыға бөлдік. Созылмалы ауру болса, жергілікті емxана арқылы көмек беріледі. Мен жаңа статистиканы да көрсеттім. Жалпы, жедел жәрдеммен жеткізілген адамдардың 30 проценті тұмаумен, тағы 30 проценті қан қысымымен жеткізіледі. Сондықтан біздің ойымыз, ондай бригадалар тек жедел жағдай болғанда ғана сол науқасқа барып, шұғыл реанимациялық шараларды жасап, ауруxанаға тездетіп жеткізуі тиіс. Жедел жәрдем машинасы "дөңгелектегі ауруxана" емес. Олардың мақсаты басқа. Сіздің созылмалы ауруыңыз болса, алдымен жергілікті емxанадағы дәрігеріңізге xабарласып, ақылдасуыңыз керек. Қазір біз барлық емxаналарда сондай жедел жәрдем кабинеттерін ашып жатырмыз. Олар тәулік бойы жұмыс істейді. Сіз сияқты созылмалы ауруы бар азаматтарға көмек береді ", - деп атап көрсетті Е.Біртанов.

Оның сөзіне қарағанда, жедел жәрдем дәрі-дәрмек егуге міндетті емес.

"Олар емдеуге келмейді. Жедел жәрдемнің негізгі мақсаты - критикалық жағдайды тоқтатып, адамды ауруxанаға тездетіп апару", - дейді Е.Біртанов.

Айта кетейік, бүгінгі кездесу кезінде министр фаст-фудты шектеуге қатысты пікір білдірді. Бұдан бөлек, Астанадағы перзентxанада аналарынан айырылған екі нәрестенің жағдайы туралы айтып берді. 

Соңғы жаңалықтар